Сырдария астымен газ құбыры тартылады
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында өзеннің арғы бетіндегі ауылдарға көгілдір отын жеткізу үшін арнайы жоба әзірленді.
Биыл құрылыс жұмыстары басталады. Қазір облыс тұрғындарының 83 пайызы газ тұтынады.
Алдағы жоспар қандай?
Жаңақорған ауданында 26 ауылдық округ бар. Соның сегізі Сырдарияның ар жағында. Сондай ауылдардың бірі Қыркеңсе. Елді мекенде 3 мыңнан аса адам тұрады. Жол, жарық, ауызсу және әлеуметтік нысандарға қатысты ешқандай мәселе жоқ. Тұрғындар тек көгілдір отынның келуін күтеді.
Әбдіжаппар Мырзабаев, Қыркеңсе ауылының тұрғыны:
– Өзіміз көмір жаққан кезде жұмыстың біреуі ағаш майдалау ғой сол түстен кейін. Күлін шығару, Қарағандыдан әкеліп жатыр ғой көмірді.
Биыл Қыркеңсе сияқты Қожагент, Өзгент, Ақсуат, Ақжол, Жаңарық ауылдарын газдандыру үшін жобалық-сметалық құжат әзірленді. Жалпы Жаңақорған ауданындағылардың көбі көгілдір отын тұтынады.
Семсер Сыздықов, Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары:
– 2026-2030 жылдарға арналған жобаларына енгізілді. Осы құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы басталады деп жоспарлануда. Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.Сырдария өзенінің астынан өткізіп, арғы жақ беттегі 6 елді мекенді газдандырамыз. Үш жылға жоспарланған, үш жылда атқарып шығамыз.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
– Былтыр өңірде 11 елді мекен көгілдір отынға қосылды. Соның нәтижесінде 17 мыңға жуық тұрғын табиғи газ тұтыну мүмкіндігіне ие болды. Қазір облыс тұрғынының 83 пайызы көгілдір отын игілігін көріп отыр. Биыл да бұл жұмыстар жалғасады, дейді мамандар.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев