Ою-өрнек – қазақтың шежіресі

«Алайда соңғы уақытта ұлттық нақышты сәнге айналдырамыз деп оның мән-мағынасын ұмытып жүргендер көбейген», – дейді мамандар. Киелі таңбаларды кез келген жерге қолдану қаншалықты дұрыс?

Дизайнерлер мен этнографтар не дейді?

Дизайнер Жанар Мұратова киімнің кез-келген жеріне ою салу үрдісін сынға алды. Ол әріптестерінің жұмысын жіті тексеріп, қателіктерін жіктеп көрсетеді. Оның айтуынша, қазіргі дизайнерлер оюдың түпкі мағынасын түсінбей, қасиетті таңбаларды аяқ астына салып жүр. Бұл – ұлттық мұраға деген салғырттық пен атүсті қараудың көрінісі.

Жанар Мұратова, дизайнер:

- Қазір өте көп зиян келтіріп жатқан Google мен ChatGPT, неге десеңіз, сіз оған қазақша өрнек берші деп жазасыз, қазақтікі ма, емес па, жабыстыра бересіз. Аяқтың астында жатқан өрнектерді алып, киімге салады. Өрнектерді дұрыс танымайды. Екі жауырын ортасы құстың сүйегі деген жер бар, ол жерге әр адам өрнек салуға болмайды. Неге десеңіз, тек халықтың алдында жүрген, ел бастаған тұлғалардың арқасына салынды.  Ол өрнектерге арқа керек, арқасы бар деген сөз бар ғой, мықты өрнектерді нәзік адамға салуға болмайды.

Расында да, бабаларымыз әр сызыққа үлкен мән берген. Этнограф Байахмет Жұмабайұлы «қошқармүйіз» байлықты, «тұмарша» тіл-көзден сақтауды білдіреді, бұл нышандардың да өз орны бар дейді. Мысалы, бас киімге салынатын ою шапанның етегіне ешқашан тігілмеген. Этнограф отыз жыл бойы бес жүзге жуық ою-өрнек түрін зерттеді. Оның айтуынша, ертеде ою арқылы өз мұңын немесе қуанышын жеткізген. Тіпті түстердің де өз мағынасы бар. Яки ақ — адалдықты, көк — тыныштықты білдірсе, сары түсті қазақ көп қолданбаған, оны сағыныш пен қайғының белгісі деп санаған.

Байахмет Жұмабайұлы, этнограф:

- Ою-өрнектердің бәрі сән үшін қолданылады. Әрқайсысының артында мән бар, бірақ ірі, ұсақ  негізінде қолдануда, осы бізге қайшы болып отыр. Мысалы, киіздерге, текеметтерге түсірілетін ою-өрнек ірі болу керек, текеметтерге түсіретін оюды дене киімдеріне түсірсе, ол ешқашан ашпайды.

Бүгінгі буын үшін ою-өрнектің тарихы тым тереңде жатқан жұмбақ дүние секілді көрінуі мүмкін. Десе де, көне таңбалардың заманауи сәнмен ұштастырып, жаңа формада жаңғыруы - уақыт талабы. Қазір ұлттық нақыш тек мерекелік шапандарда ғана емес, күнделікті стильге де айналды.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

- Қазір ою-өрнекке деген қызығушылық артып келеді. Ұлттық нақыш заманауи сәнмен үйлесіп, жаңа трендке айналып отыр. Бұл отандық дизайнердің жұмыстары. Көріп тұрғандарыңыздай, мұнда дәстүрлі ою-өрнек қазіргі стильмен ұштастырылған.

Осындай қатаң сын мен этнографиялық талаптарға қарамастан, отандық дизайнерлер ізденісін тоқтатқан емес. Керісінше, олар заманауи трендтерді бабалар мұрасымен үйлестірудің жаңа жолдарын табуға ұмтылады. Мәселен, Татьяна Имбергенова мен Алена Сикорская ескі дүниелерді қайта өңдеп, оған жаңа тыныс беріп жүрген хас шеберлер. Олар өз жұмыстарында ою-өрнектің тарихын зерттеуге баса мән береді. Шеберлердің қолынан шыққан туындылар Жапониядан бастап Америкаға дейін жетіп, шетелдік сән көрсетілімдеріне қатысуда.

Татьяна Имбергенова, дизайнер:

- Қазір «қарлығаш» деп аталатын өрнек өте жиі қолданылады. Бұл да –  жаңару мен жеңілдіктің символы. «Қошқар мүйіз» өрнегі де молшылық пен денсаулықты білдіреді, ол да өте танымал. Жалпы айтқанда, киімдегі ою-өрнек адамның келбетін де көркемдеп тұрғандай әсер береді. Біздің өнімдерді шетелден арнайы тапсырыс та береді, шетелдік  сән көрсетіліміне де қатысамыз. Кілем, ескі шапаннан да киім тіігіп, оны жаңа трендке айналдырамыз. Әрине, біз алдын ала ою-өрнектің тарихына үңілеміз, десе де кейде шығармашылыққа ерік беріп, эксклюзив туыныларын да шығарамыз.

Ою-өрнек -біздің ұлттық байлығымыз. Оны заманға сай қолдану жақсы-ақ, бірақ бабалардан қалған аманатқа құрметпен қарау — ортақ міндет.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Ұлан Нарынбек, Ғалымжан Абдылахат