ЖИ орнатылған камера жаңылысуы мүмкін бе?

Елде жол жүру ережесінде тәртіп күшейгелі екі апта болды. Камераның көзінше рөлде отырып, телефонға телміргендер мен қаупсіздік белбеуін тақпаған жүргізушілер автоматты тұрде айыппұл арқалап жатыр.

Дегенмен жалпыға бірдей жаңа ережені елемей, заңнан айналып өтпек болғандар да жоқ емес. Ал телефонсыз тірлігіміз тұралайды деген такси қызметкерлеріне Ішкі істер министрлігі не деп жауап қатты? Камера қателесіп, нақақтан нақақ айыппұл арқалаған жүргізушілер не істеу керек? 

Шерхан Абзалұлы, тілші:
- Бұл бас қаладағы жедел басқару орталығы. Қырағы қызметкерлер қаланы кірпік қақпай қадағалап тұрған камералар арқылы заң мен тәртіптің сақталуын бақылап отыр. Мәселен, мына экран арқылы мамандар Абылайхан көшесінің бойындағы көлік көзғаласын қарап отырғанын байқауға болады.

Елдегі бейнебақылау камераларының жалпы саны 1.300.000-нан мыңнан асса, оның 28 мыңы цифрландырылған. Әзірге жол ережесін бұзған жүргізушілерді жасанды интеллект емес, мамандар тіркеп отыр. Екі апта бұрын енгізілген өзгеріс туралы ел пікірі екіұдай. Әсіресе автоматты түрде айыппұл салу такси жүргізушілеріне жақпаған сыңайлы. 

Ал Ішкі істер министрлігі мәселенің байыбына бармай, байбалам салмауды сұрайды. Такси жүргізушілері: «21 мың теңге айыппұл арқаламай-ақ жұмысын істеуге болады», - дейді.

Ақтоты Боранова –  ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
-
Такси жүргізушісі бір тапсырысты алған кезде оны аяқтағанға дейін ешқандай тапсырыс алмайды. Жүріп келе жатқан кезде жапсырмаға жабыстырып қойып қолданатын болса, тапсырыстың соңына дейін тоқтап тұрып, келесі тапсырысты қабылдап, жүретін маршрутын қарап, дауыс ұлғайтқыш немесе құлаққап арқылы қолданатын болса, онда ешқандай құқық бұзушылық болмайды.

Жуырда жол жиегінде камераларға орнатылатын жасанды интеллект те жаңылуы мүмкін. Сондықтан дәлел-дәйексіз немесе негізсіз айыппұл келіп жатса, өз құқығыңызды қорғауға дайын болыңыз.

Ақтоты Боранова, ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- Яғни келіспеушілігі жөнінде қазір электронды түрде E-Otinish арқылы Ішкі істер министрлігіне хабарлама жібереді. Содан кейін осы хабарлама арқылы әкімшілік іс көтеріліп, ішіндегі видеожазбалар немесе фото жазбалар қаралып, егер әкімшілік құқықбұзушылық орын алмаса немесе дәлелденбесе, онда іс қысқартылады.

Ал сарапшылар жол ережесін бұзғандарға автоматты түрде айыппұл салу арқылы жол көлік оқиғаларының саны азаятынына сенеді.

Әрсен Шақуов, Жол қозғалысы қауіпсіздігі бірлестігінің басшысы, автосарапшы:
-
Қазақстан жаңа жүйені іске асыра алатынына сенімідімін. Ал халық бұған дайын ба деген мәселе бар. Мойындауымыз керек, қоғамда көлік айдау мәдениеті әлі қалыптаспаған. Жол көлік оқиғалары мен өлім-жітімнің көп болатыны да содан. Сондықтан камераларды автоматтандыру уақыт өте келе өз нәтижесін беріп, жүргізушілер де тәртіпке үйренетін болады.

Көлік қозғалысын бақылау жұмысы мамандардан жасанды интеллектке толықтай қашан өтетіні мердігердің анықталғанына байланысты. Ал рөлде отырып телефонға телміргендер мен қауіпсіздік белбеуін тақпағандарға автоматты түрде айыппұл салу қаншалықты нәтиже бергенін Ішкі істер министрлігі айта алмады.

Авторлары: Шерхан Абзалұлы, Ғалымжан Абдылахат, Ырыстанбек Оспанов