Алименттен жалтарған 380 борышкер қылмыстық жауапқа тартылды 

Елімізде өткен жылы алименттен жалтарғандардың берешегі 18 млрд. теңгеге жеткен. 4824 борышкер әкімшілік, 380-і қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты.

Қарызы бар тұлғаларға заңмен қарастырылған барлық мәжбүрлеп орындату шаралары қолданылып келеді. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметі алаңында әділет министрлігінің өкілдері хабарлады. Ақпарларынша, жекелеген борышкерлер қаржылық мүмкіндіктері бола тұра балаларына көмек беруден жалтарады. Мұнымен қоса, өз мүлкін жасыратындары да жиі кездесетін көрінеді. Жалпы 2025 жылы өндіріп алушылардың пайдасына өтелген сома 557,6 млрд теңгені құрады. 

Балабеков Мақсат, ҚР Әділет министрлігінің мәжбүрлеп орындату комитетінің төрағасы: 

- Әлеуметтік маңызы бар істер санаты бойынша мәжбүрлеп орындату жұмыстары ерекше бақыланып жатыр. 2025 жылы мәжбүрлеп орындауда 354 мың алиментті өндіру құжаттары болды, оның ішінде 59,6 мың құжаты нақты орындалуына байланысты немесе өндіріп алушының өтініші бойынша атқарушылық құжатты қайтару негізінде аяқталды. Проблемалық алимент төлемдерінің саны 12,7 мың немесе 4 % болып танылды, олардың жалпы берешегі 18 млрд.теңгені құрайды. Көп жағдайда алимент борышкердің жалақысынан және басқа да табыстарынан өндіріледі.