43 азамат жүргізуші куәлігінен айырылды
Жүгенсіз жүргізушілерді тәртіпке келтіру оңай болмай отыр. Алматыда айналдырған бес күннің ішінде Әл-Фараби даңғылының бойында төрт адамның өмірі қиылды.
21 наурыз күні үш азамат қара жолда қаза болса, кеше түнгі 23:00 шамасында жолаушы әйелді көлік қағып кетті. Осы жантүршігерлік жағдайлардан соң алматылық полицейлер бақылау жұмыстарын күшейтті. Нәтижесінде айналдырған үш күннің ішінде 5 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталды. Атап айтқанда, есірткіге есі кетіп, спирттік сусынға сылқия тойып алған 43 азамат жүргізуші куәлігінен айырылды. Тағы 369 адамның көлік басқару құжаты да болмай шыққан. Осылайша, айып тұрағына 34 автокөлік қойылды. Бұдан бөлек, жылдамдықты шамадан тыс арттырудың 2 мыңнан астам фактісі тіркелді.