Алматыдағы жантүршігерлік жол апаты: жүргізуші қашан қамауға алынады?
Алматыда үш адамның өліміне себепкер болған Zeekr автокөлігінің жүргізушісі жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің басшысы Айдын Қабдулдинов мәлімдеді.
Жантүршігерлік жол апаты 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылында болды. Алдын ала мәлімет бойынша, Zeekr автокөлігі қарсы бағытқа шығып Mercedes-пен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes автокөлігінің жүргізушісі, 20 және 22 жастағы екі қыз бала опат болды. Куәгерлер сол түні Zeekr-ді тізгіндеген жігіт басқа көлікпен жарысты деп отыр. Әлеуметтік желіде бәйгеге түскен екінші көліктің рөлінде Полиция департаменті басшысының орынбасарының жүргізушісі болды деген ақпарат тарады. Күдікті ауруханаға түскен бетте қан алыныпты. «Әзірге сараптама нәтижесі дайын емес», - деді Айдын Қабдулдинов.
Айдын Қабдулдинов, Алматы қаласы Полиция департаментінің басшысы:
- Zeekr автокөлігінің жүргізушісі қазіргі уақытта ауруханада ем қабылдап жатыр. Ол бойынша жуық арада сол жүргізушіге арналған барлық тергеу әрекеттері өткізіліп жүргізуші қамауға алынады. Сіз айтқандай, Полиция департаменті орынбасарының жүргізушісінің әл-Фараби бойындағы жол-көлік оқиғасына қатысы бар-жоқтығына байланысты полиция департаментінде қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Қызметтік тексерістің қорытындысы бойынша кінәлі полиция қызметкерлеріне шара қолданамыз.
Осы жол апатынан кейін мегаполисте түнгі кезекшілік күшейді. Полиция мәліметінше, қалада кейінгі үш күннің өзінде 5000-ға жуық жол ережесін бұзу дерегі тіркелген. Сондай-ақ автокөлікті мас күйде басқарған 40-тан аса жүргізуші ұсталды. Ал 400-ге жуық адам көлікті құжатсыз басқарған.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі:
- Қазіргі таңда 100-ге жуық автокөлік айып тұрағына қойылды. Негізгі бұл рейдтік іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіледі. Өйткені Алматы қаласында бір миллионнан астам көлік, күнделікті қала көшелерінде жүреді. Әрине бұл – жол ахуалын күрделендіретін құбылыс.