Павлодар облысында 2 млн текше метр қар шығарылды

Павлодар облысында күннің күрт жылынуына байланысты коммуналдық қызметтің жұмысы күшейтілді. 

Наурыздың ортасында өңірде қалың қар жауып, небәрі екі күннің ішінде үш айлық ылғал түсті. «Қазгидрометтің» мәліметінше, облыстың орталық және шығыс бөліктерінде қардың қалыңдығы 30 сантиметрге дейін жеткен. Қазіргі таңда елді мекендер мен автокөлік жолдары тұрақты бақылауға алынды. Әсіресе су тасқыны қаупінің алдын алу шаралары күшейтілді. Облыс орталығында еріген қар суын шығару жұмыстары тәулік бойы жүріп жатыр.

Алдын ала жасалған болжамға сәйкес Наурыз айының 20-нан бастап қар жылдам ери бастады. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар күшейтілген режимде жұмыс істеп, қар шығару шараларын үздіксіз жүргізіп жатыр. Бүгінгі күнге дейін өңірден 2 миллион текше метрден астам қар шығарылды. Сонымен қатар су тасқынының алдын алу мақсатында инертті материалдар жеткілікті көлемде дайындалып, мыңнан астам су өткізгіш құрылғы толық тазартылды. Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстар көктемгі су тасқыны қаупін азайтуға бағытталған. Әсіресе жыл сайын қауіп жоғары болатын Баянауыл және Ақтоғай аудандары ерекше бақылауға алынған.

Думан Қыдырмоллаев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Сілеті су қоймасында Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД қатысуымен жұмыс кездесу өткізілді. Су тасқыны жағдайын бағалау үшін Сілеті өзенінің арнасына аэровизуалды ұшу жүргізілді.

Баянауыл ауданында жағдай тұрақты. Ал Шолақсор ауылы маңынан өтетін Сілеті өзенінде мың шаршы метр аумақта мұз жару жұмыстары жүргізілді. Қардың жаппай еруіне байланысты облыс орталығында жер асты сулары көтерілген. Бұл жағдай коммуналдық қызметтің күшейтілген жұмыс кестесіне көшуіне себепші болды.

Владислава Құсниденова, қоғам белсендісі:

- Шағын аудандар бойынша 25 мекенжайда жер асты сулары шығарылып жатыр. Литвинов көшесінде 4-5 ассенизатор тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар Екінші Павлодар шағын ауданының тұрғындарына топырақ толтырылған қаптар таратылды. Тұрғындар еріген қар суына қарсы бөгет жасайды.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қардың көп мөлшері шығарылған. Бұрынғы кезеңмен салыстырғанда жағдай біршама жақсарыпты.

Михаил Тронин, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Бастапқы кезеңде кейбір учаскелерде техника суды дер кезінде сорып үлгермей, белгілі бір қиындықтар туындады. Дегенмен өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай ілгерілеу бар. Бұрын жағдай күрделі болып, аулаларды жиі су басатын.

Тасқынға қарсы іс-шаралар облыстың барлық аумағын қамтып отыр. Жағдайды тұрақты бақылауда ұстау үшін арнайы штаб құрылған. Қажетті күш пен техника жұмылдырылып, тәулік бойы мониторинг жүргізіліп жатыр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Дәулет Қошқарбаев