Алматыдағы көлік апатынан кейін полиция басшысының орынбасары жұмыстан босатылды
Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары қызметінен кетті.
Әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары да жұмыстан босатылды. Алматыдағы жантүршігерлік жол апатынан кейін Ішкі істер министрі жауаптыларды қызметінен алып тастады. Бұл жайлы министрліктің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев мәлімдеді. «Барлық шағымдар мен әлеуметтік желідегі ақпараттар жан-жақсы тексеріледі», - деді ол.
Шыңғыс Алекешев, ҚР ІІМ ресми өкілі:
- Аталған апат бойынша бұған дейін қылмыстық іс қозғалған болатын. ZEEKR автокөлігінің жүргізушісіне соттың санкциясымен қамаққа алу шарасы қабылданды. Апат кезінде ол жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болған. Сондай-ақ министрдің тапсырмасы бойынша қызметтік тексеріс басталды. Оның объективтілігі мен толықтығын қамтамасыз ету үшін Алматы қаласына Өзіндік қауіпсіздік департаментінің, Әкімшілік полиция комитетінің және Жеке құраммен жұмыс департаментінің басшылары тәжірибелі қызметкерлермен бірге жіберілді.