БҚО-да көлік жолдарын су басты
Тоғыз аудандық, бір облыстық маңыздағы жолды су шайып кетті. Кеше Теректі ауданына қарасты Аңқаты ауылдық округіндегі Қандық ауылына апаратын жол бүлінді.
Салдарынан 250-ге жуық тұрғыны бар елді мекен бір тәулік бойы көлік қатынасынсыз қалды. Бүгін бүлінген жол қалпына келтіріліп, қатынас қайта жанданды. Мамандардың мәліметінше, қазір өңірдегі тасқын қаупі толық сейілді. «Облыс аумағында қар еріп бітуге жақын. Өзен арналарында су деңгейі қалыпты», - дейді құтқару қызметінің мамандары.
Нұралы Мусиев, БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы:
- Қазіргі таңда облыс аумағында 19% жерде қар сақталып тұр. Бұл сай-салалаларда қалған қар. Қардың биіктігі 2 см аспайды. Тонның қатуы қазіргі таңда мына облысымыздың солтүстік аудандарында 30 см жоғары, 30-40 см айналасында. Жалпы жағдай бақылауда, департамент базасында тәулік бойы жедел жұмыс атқарып отыр.