Шымкентте Digital Qazaqstan цифрлық форумы өтті

Биыл мемлекеттік қызметтерді жасанды интеллектінің көмегімен алуға болады. Бұл туралы Шымкенттегі Digital Qazaqstan цифрлық форумында айтылды. 

Жаңа деңгейдегі ауқымды халықаралық жиынға мемлекеттік құрылым өкілдері, кәсіпкерлер, инвесторлар, IT-компаниялар мен стартапшылар қатысты. Олар цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің өнеркәсіпке, экономикаға және өңірлердің дамуына тигізер әсерін талқылап, ұсыныс-тілектерін білдірді.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі жаңа деңгейге көтерілмек. Яғни биыл жасанды интеллектке негізделген AlemGPT атты жаңа сервис іске қосылады. Бұл туралы Digital Qazaqstan форумында мәлім болды. Сала мамандарының айтуынша, тың жоба қызмет көрсету процесін қарапайым әрі түсінікті форматқа көшіруге мүмкіндік береді.

Ауқымды шараға 130-дан астам елден 500 спикер қатысып жатыр. Сондай-ақ 300-ден аса инвестор цифрлық технологияға негізделген жобалармен танысу үшін арнайы табан тіреді. Демеушілер өндіріс, медицина, қауіпсіздік және цифрлық қызметтерге арналған отандық бастамалардың басым бөлігіне қолдау көрсетуі мүмкін. 

Дмитрий Мун, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің вице-министрі:

- Шымкенттегі Digital Qazaqstan форумы жылда тек Алматыда ұйымдастырылып келген жиынның заңды жалғасы. Бүгіннен бастап біз бұл эстафетаны елдің әр түрлі қалалары мен аймақтарында өткізуді бастадық. Бұл қадам өңірлердің дамуына жол ашады.

Көрмеде стартаптар мен IT-компаниялардың озық жобалары, робототехника, жасанды интеллектке негізделген дрондар мен GameDev бағыттары таныстырылды. Сонымен қатар жиын аясында білім беру, сараптамалық және байланыс орнату алаңдары ашылды. 3 мың IT-маманының қатысуымен ең ірі хакатон ұйымдастырылды. Енді олар 10 күн бойы индустрия алпауыттарының нақты тапсырмаларымен жұмыс істей. 

Әшімбек Әбілғазимов, «Astana Hub» бизнес-бағдарламалар кеңсесінің директоры:

- О бастан олар іріктеуден өтті. Яғни жалпы талаптарды орындаған. Кейін бізде жартылай финал өтті. Әр өңірде өз үздік стартапын таңдап сол өңірден бір стартап таныстырылатын болады. Бұл финалдың ерекшелігі біз шетелге, нарыққа шыққан жобалар емес жаңадан қадам жасап келе жатқан стартаптарға көңіл бөлдік. Өйткені олардың да мүмкіндіктері болуы керек. 

Форумда іскерлік сессиялар мен сарапшылардың пікірталасы ұйымдастырылды. Спикерлер өзара тәжірибе алмасып, цифрлық трансформацияның өзекті мәселелерін талқылады. Өңірлердегі IT-экожүйені дамытудың жаңа тетіктерін ұсынды. Солардың бірі – кәсіпкерлерге арналған бірыңғай жеке кабинет. 

Әсет Тұрысов, ҚР Қаржы вице-министрі:

- Бұл жоба Қаржы министрлігінің әртүрлі порталдарындағы жеке кабинеттерді бір арнаға тоғыстырады. Қазір бизнес өкілдері министрлікпен жұмыс істеу барысында электронды шот-фактуралар жүйесіне, мемлекеттік сатып алу порталына және басқа да ресурстарға жеке-жеке тіркеліп, әртүрлі техникалық қолдау қызметіне жүгінуге мәжбүр. Ал бұл жобаның мақсаты – Қаржы министрлігінің барлық жүйелерін кезең-кезеңімен біріктіру. Нәтижесінде кез келген кәсіпкер бір рет тіркелу арқылы барлық мемлекеттік жүйелерге кедергісіз кіре алады. 

Қазақстан онлайн-қызметтер сапасы бойынша әлемдік көшбасшы елдің қатарына кіреді. Бұл туралы цифрлық форумда сөз алған Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.    

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Қазақстан цифрландыру мен жасанды интеллект жаңа экономикалық модельдің негізіне айналатын кезеңге қадам басты. Сондықтан Мемлекет басшысы аталған саланың ел үшін ерекше маңыздылығын айқындап, 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Бұл саланың әрі қарай дамуына зор серпін беріп қана қоймай, мемлекеттің стратегиялық басымдықтарын көрсетеді. Біз үшін цифрлық трансформация тек технология емес, сонымен бірге нақты құқықтық кепілдіктер, деректерді қорғау және сенім қағидаттары екенін айғақтайды».

Форум аясында өткен панелдік сессияға Қазақстан, Беларусь, Ресей Үкімет басшылары, Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы, Армения вице-премьері және бақылаушы елдердің өкілдері қатысты. Жиында Еуразиялық интеграцияның басым бағыттары – өнеркәсіптік кооперация, технологиялық даму, кедендік реттеу және цифрлық трансформация мәселелері жан-жақты талқыланды. 

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов