Ақтөбе көшелерін дрондар бақылайды

Ақтөбеде жол жүру ережесін бұзғандарды енді ұшқышсыз ұшу аппараттарымен анықтайтын болды. Полицейлерге еріктілер көмекке келген.

Бұрын тәртіп сақшылары мұндай әдісті тек халықаралық трассаларда қолданып келсе, енді облыс орталығында да жүзеге асыратын болды. 

Айсұлтан Амангелді – болашақ полицей. Қазір заңгер мамандығын оқып жүрген студент шаһар көшелерінің қауіпсіз болғанын қалайды. Жүргізушілер көлік қозғалысы ережесін сақтап, жаяу адам тек жүргіншілер жолымен жүргені абзал дейді. Сондықтан полицейлердің қоғамдық көмекшісі ретінде рейдке шығып жүр.

Айсұлтан Амангелді, волонтер:

- Мен полиция қызметкерлеріне көмектескенді ұнатамын. Қаламыздың қауіпсіздігіне үлес қосу деп есептеймін. Мәселен, жаңа қауіпсіздік белдігін тақпаған, көлік басқара отырып ұялы телефонға алаңдаған жүргізушілерді анықтадық. Мұндай енжарлықтың салдарынан жол апаты болуы мүмкін.

Ақтөбеде қазір полиция инспекторларымен бірге рейдке шығатын еріктілердің 5 тобы бар. Шаһардың кез келген тұсынан бақылай береді. Бірақ басты міндет – көлік иелерін тәртіпке шақыру. Бұдан бөлек облыс орталығының аумағында 87 мың бейне камерасы орнатылған. Олардың 26 мыңы облыстық жедел басқару орталығына қосылған. Мыңға жуығын жасанды интелект басқарады.

Ардана Саймағамбетов, облыстық ПД бастығының орынбасары:

- Жол қауіпсіздігі бойынша жасанды интеллектпен іздеуде жүрген автокөліктер, ұрлықта жүрген автокөліктер, үлкен жол жүру ережелерін бұзып жүргендер және айыппұлы көп дегендерге қатысты сигнал түседі.

Елімізде наурыз айынан бастап күшіне енген «Құқықбұзушылықтың алдын алу» туралы заң азаматтар мен түрлі бірлестіктердің белсенділігін арттыруға да бағытталған. Яғни қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қоғамдық көмекшілердің орны айқын жазылған. Сондықтан ақтөбелік полицейлер түрлі мекемелер мен оқу орындарына тиесілі дрондарға де иек артады.

Еріктілер кез келген ұшқышсыз ұшу аппаратымен бақылай алады. Бастысы бейне анық жазылуы тиіс. Ал болашақта бұл дрондар жедел басқару орталығына тікелей ақпарат жеткізетін болады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов