Жер сағаты: ғимараттардың шамы бір сағатқа өшті

Кеше елде «Жер сағаты» халықаралық экологиялық акциясы өтті. Шара аясында сағат 20:30-да үйлерде, кеңселерде және көшелерде шамдар бір сағатқа сөндірілді.

Бас-аяғы бес жүзге тарта ғимаратта жарық өшті. Осылайша, қатысушылар электр энергиясын үнемдеп, экологияға оң әсер етуге үлес қосты. Жер сағаты акциясы әлемде 19 шы мәрте аталып өтті. Ал Қазақстан халқы 17-ші рет қатысып отыр. Жылдағы  дәстүрге сай қала көшелері мен түрлі ғимараттарда шам өшіп, электр энергиясын тұтыну тыйылды. Мәселен, бас қалада «Байтерек» монументі, «Ақорда», «Астана Опера» театры, «Әзірет Сұлтан» мешіті мен Тәуелсіздік сарайы секілді нысандардың жарығы сөндірілді.

Әлихан Мұхтарұлы, «Жер елшілері» жастар қозғалысының еріктісі:

- Табиғат - адамзаттың ең асыл байлығы. Ол таза ауа, мөлдір су, тіршілік береді және қазіргі таңда табиғатта қорғау маңызды болып тұр. Қазақстанда жыл сайын өтетін «Жер сағаты» акциясы осы табиғатты қорғауға бағытталған ең маңызды бастамалардың бірі деуге болады.

Шымкенттіктер «Жер сағаты» акциясына қатысты

Шымкент халқы да қалыс қалмады. Шаһар шамдары бәсеңдетілді. Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар да бұл бастаманы қолдап, жарықты уақытша өшірді. Мұнай өңдеу зауытында бір сағатқа жарық сөнді. Дегенмен бұл уақытта өндірістік технологиялық үдерістер тоқтатылған жоқ. Себебі акция қауіпсіздік талаптарына ешқандай әсер етпеуі тиіс.

Дүйсен Құлтілеуов, Шымкент қаласы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары:

- Бұл акцияның мақсаты тек жарықты үнемдеу ғана емес, жалпы табиғи ресурстарды үнемді пайдалану. Оның ішінде электр энергиясы, газ, су көздері жалпы өзіміздің қолданатын ресурстарды үнемдеу.

Ақмола облысы «Жер сағаты» акциясына қатысты

Акцияға ақмолалықтар да белсене атсалысты. Өңірдегі ірі өндіріс ошақтары мен мемлекеттік мекемелер, сауда орындары бір сағатқа жарықтарын өшірді.

Арыстанбек Тасқынбаев, Ақмола облысы бойынша Экология департаментінің бөлім басшысы:

- Ақмола облысының жұртшылығы да бұл акцияны жылдан жылға кең көлемде қолдау тауып келеді. Бұған негізінен ірі кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер және сауда үйлері сияқты жекеменшік органдар да үлесін қосуда. Әрине, электр жарығын бір сағатқа үнемдеу бұл қоршаған ортаға шығатын шығандыларындың азайтуға мүмкіндік береді.

Семейде 12 нысанда жарық сөндірілді

Ел шығысы да бір сағатқа жарықсыз қалды. Семейде барлық қоғамдық орындарда, соның ішінде саябақтар, скверлер мен жағалауларда электр жарығы уақытша өшірілді. Ауқымды экологиялық бастаманы облыстық әкімдікпен қатар, екі қалалық және 10 аудандық әкімдік қолдады. Сонымен бірге акцияға 12 ірі кәсіпорын да қатысқан.

Серік Сарбасов,  Абай облысы бойынша Экология департаментінің басшысы:

- Табиғи ресурстарды қолдану барысында жауапкершілікпен қарауға назар аудару болып табылады. Кәсіпорындардан басқа жергілікті атқарушы органдар яғни, облыстық, аудандық және қалалық әкімдіктердің ғимараттарының шамдары сөндірілетін болады. Сонымен қоса жолдар, көшелердегі жарықтар, сквер және парктегі жарық та символикалық түрде өшіріледі.

Алматылықтар «Жер сағаты» акциясына атсалысты

Ал Алматыда акция асында TURAQTY JOL ұлттық әлеуметтік эконауқаны басталды. Осыған орай симфониялық акустикалық концерт өтті. Онда театрдағы жарық толықтай сөндірілді. Салтанатты кеш мәдени шара ғана емес, маңызды әлеуметтік алаңға айналмақ. Жобаның мақсаты - өнер мен экологияны біріктіріп, қоғамды табиғатты қорғауға шақыру.

Ғалымжан Нарымбетов, Қазақстандағы ЮНЕСКО клубтарының елшісі:

- Экологиямызды сақтау – бұл біздің болашағымызға байланысты. Болашағымыз біздің жастарға да байланысты, қазіргі менің және менен кейін келе жатқан ұрпаққа да қолдау керек. Экологиямыз таза болуы үшін осындай жобаларды міндетті түрде қолдаймыз.

«Жер сағаты» акциясы өтті

Қазақстанмен қатар, әлемнің өзге де елдері жаһандық акцияға атсалысты. Науқанға 180 мемлекеттен 7 000 қаланың тұрғындары қатысты. Бас-аяғы акцияға 2 млрд-тан астам адам үн қосты.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Арман Ақшабаев