Апат айтып келмейді...
Еліміздің отызға жуық елді мекенінде су тасу қаупі басым.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметіне сенсек, әсіресе Солтүстік, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Абай облыстары мен Петропавл қаласына қызыл судан қатер төнуі мүмкін. Десе де жауапты органдар жай қарап жатқан жоқ. Табиғи апаттың алдын алу үшін өткен жылдың қараша айынан бастап дайындық жұмыстары қыза түскен. 800 шақырымнан астам аумаққа қорғаныш бөгеттері тұрғызылып, бірқатар арна мен арық тазаланды. Тағы қандай жұмыстар пысықталуда?
Еліміздің 5 өңірінде су қоймаларындағы судың деңгейі 65 пайыздан асып тұр. Шығыс Қазақстанда бұл көрсеткіш, тіптен 82 пайызға дейін жетіпті. Бұған негізгі себеп қар қорының көптігі мен топырақтағы ылғал деңгейінің жоғары болуында дейді Қазгидромет мамандары. Қызыл судан төнер қатерді болдырмас үшін елде 400-ден аса су қоймасының жұмыс істеп тұрғаны белгілі. Ал оның қаншасы жөндеуді қажет етеді? Тозығы жеткен қоймалардың жайы қалай? Құзырлы мамандардың жауабына құлақ түрелік.
Сергей Добрынин, ҚР Су және ирригация министрлігі басқармасының басшысы:
- 2025 жылды алатын болсақ, 5 су қоймасының реконструкциясы аяқталған болатын. Атап айтқанда, Абай облысында Шар су қоймасы, БҚО Киров су қоймасы, Жетісу облысында Қызылағаш су қоймасы, Түркістан облысында Қапшағай су қоймалары. Олардың реконструкциялары аяқталып, пайдалануға берілген. Бұдан бөлек Түркістан облысында 2 су қойманың құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылы құрылысы аяқталады.
Сондай-ақ биыл Батыс Қазақстанда Үлкен өзен су қоймасының және Жамбыл облысында Ақмола су қоймасының құрылысы басталып, Түркістан облысындағы Қарақуыс су қоймасы жаңартылмақ. Ал 2028 жылға дейін жаңадан тағы 42 су қоймасын тұрғызу және қолданыстағы 37 су қоймасын жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Ал бөгеттер мен су құбырлары күннің күрт жылынуына қаншалықты дайын?
Ғалымжан Қамбарбеков, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі басқармасының басшысы:
- Еліміз бойынша 1395 трек гидротехникалық құрылыс жайлар бар. Олардың 17 пайызы мемлекеттік меншікте болса, олардың 68 пайызы коммуналдық меншікте, 15 пайызы жекеменшікте болып табылады. 500-ге жуық гидротехникалық құрылыс жай жөндеуді қажет етеді.
Ерасыл Кәдірбеков, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің бас маманы:
- 2026 жылғы су тасқынына дайындық барысында өңірлерде 831 шақырым дренажды қорғаныш бөгеттері мен біліктері тұрғызылды және де дренаж жүйелері мен арық каналдары тазаланып, 934 су құбырлары автомобиль жолдары мен теміржолдарында тазаланды. Қазіргі таңда су тасқыны бар участке өзендерінде жарылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ айта кетсек, 166 шақырым бізде тереңдету жұмыстары жүргізілген. 255 жағаларды нығайту жұмыстары жүргізіліп және 172 шақырым сол өзендердің участкелерін тазарту жұмыстары жүргізілген.
Апат айтып келмейді, бірақ қайтып келуі мүмкін. Тілсіз жау алқымнан алғанда тұрғындарды дер кезінде қауіпсіз жерге көшіріп, эвакуациялау мақсатында ақпанда «Көктем-2026» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы да өткізілген. Нәтижесінде 8 жарым мың адам тактикалық-арнайы жаттығудан өтіп, 3 мыңға жуық техника жұмылдырылған.
Абай Калимуллин, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы:
- Министрліктің бұйрығына сәйкес, жеке құрамнан 39 мыңнан астам адам, 12 мыңнан астам техника, 5 мыңға жуық су айдау және 701 жүзу құралдары және 35 сорғы-жылжымалы станциядан тұратын су тасқынына тартылатын күштер мен құралдар дайындалды.
«Бұдан бөлек қысқа уақыт ішінде халықты қауіпті аймақтан тысқары жерге орналастыру үшін 25 ұшақ та сақадай сай тұр. Сәйкесінше тасқын суды болдырмаудың бар амалы қарастырылған», - дейді құзырлы орган өкілдері.
Авторлары: Назым Кенжебай, Жарқын Өрден