Астана су қоймасы 72% толған

Бас қалаға жауған қар көлемі биыл рекордттық деңгейге жетті. Қалалық әкімдік мамандарының айтуынша, бұл жолы елордада 8 жарым миллион текше метр қар күрелген.

Былтырғыға қарағанда, 200 мың текше метрге көп. Ал күннің күрт жылынуын ескерсек, мұнша көлемдегі ұлпа қар қала көшелерін суға толтырып, тұрғындарды әбігерге салмай ма? Неге десеңіз, Су және ирригация министрлігі өкілдерінің мәліметіне сенсек, Астана су қоймасы қазірдің өзінде 72 пайызға толған. Жиналған қар толықтай еріп, жауын-шашын көлемі артар болса, бас қалаға қызыл судан төнер қауіп бар ма? Қалалық әкімдік бұған қаншалықты дайын?

Олжабек Бейісов, Астана қалалық коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

- Тасқын судың алдын алу жұмыстарына 2 мыңнан астам техника жұмылдырылған, 3 мыңнан астам адам күнделікті жұмыс істеп жатыр. 2 мезгілдік режимде істеп жатыр. Одан басқа сырттан келген суды бұру жұмыстары да бар. Қаламызда 6 аудан әкімдігі бар. Төтенше жағдайлар департаментімен біздің басқарма бірлесе отырып осы мәселені қадағалап, күнделікті мониторинг жұмыстарын жасап, су бұру жұмыстарын атқарып отырмыз.