Кіші Арал көлемі ұлғаяды

Дүниежүзілік банк Кіші Арал теңізін қайта қалпына келтіруге көмектеседі. Қазір Көкарал бөгетін жаңғыртып, судың деңгейін 44 метрге көтеру жоспарланып отыр.

Соның арқасында айдынның аумағы 4 мың шаршы шақырымға жуықтап, тіршілік көзінің көлемі 34 млрд текше метрге дейін ұлғаяды. Бұл туралы Аралды сақтау халықаралық қорының Басқарма отырысында айтылды. Жиында Вице-премьер Қанат Бозымбаев соңғы үш жылда Солтүстік Аралға құйған су 6 млрд текше метрден асқанын мәлімдеді. Нәтижесінде теңіз көлемі шамамен 23 млрд текше метрге дейін жетті.  Тараптар бес бірлескен шешімге қол қойды. 22 сәуірде Қорды құрушы мемлекеттер басшылары кеңесі өтеді. Сол басқосуға дайындық, Атқару комитетінің қорытынды жұмысы мен шарттық-құқықтық базаны жетілдіруге қатысты құжаттар қабылданды. Одан бөлек, Сырдария өзені бассейнінде су ресурстарын есепке алу, басқару және бөлудің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін енгізу қаралды.

Ислам Тұрсынбек, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бас сарапшысы:

- Бұл талқыланған шешімдер біздің ортақ болашақтағы қадамдарымызға мақсаттар қоятын болады. 2023 жылдан бастап Солтүстік Арал теңізінің көлемі 23 млрд кубқа дейін көбейіп отыр. Бұл дегеніміз Орталық Азия мемлекеттерінің арасындағы трансшекаралық су дипломатиясының нәтижесі рейтінде айтсақ болады. Бұл жерде автомотизациядан бастап Арал және Сырдария, Әмудария күніне дейін қабылдау бойынша шешімдер талқыланады.