Оралды көгалдандыруға ғалымдар атсалысады

Оралдық ғалымдар шаһарды көгалдандыру барысында жаңадан 95 тал-терек түрін егуді ұсынады.

Жасыл желектің арнайы ассортиментін ботаника және фитоинтродукция институтының мамандары әзірлепті. Тал-дарақтарды іріктеу барысында өсімдіктердің жергілікті климатқа бейімделуі, топырақты жерсінуі және ауа райының күрт өзгеруі мен қала ішіндегі көліктерден бөлінетін зиянды заттарға төзімділігі ескеріліпті. Ғалымдар сонымен қатар әр дақылды күтіп ұстаудың әдістемесін де әзірлеген. Қаланы көгалдандырудағы мұндай ғылыми көзқарас Ақжайықтың жағасындағы ару шаһарды ажарландырып қана қоймай, экологияны жақсартып, тұрғындардың тұрмысына қолайлы орта туғызады, - дейді мамандар.

Қайрат Кәрімов, Орал ботаникалық бағының жетекшісі:

- Қаланы көгалдандыруды ғылыммен ұштастырғандары қуантады. Бұл тұрғыда Ботаника және фитоинтродукция институтының жасаған жұмыстарының маңызы зор. Бір теректің өсуіне ондаған жыл қажет. Оған қыруар шығын кетеді. Сондықтан бизнес те, қала әкімдігі де экспериментпен айналыспауы тиіс. Қай дақылдың біздің өңірде жақсы өркен жаятынын ғалымдардан артық ешкім білмейді. Сондықтан қаланы көгалдандырушылар ғалымдардың ұсынбасын естен шығармағандары абзал.