Гидротехникалық нысан қауіпсіздігіне иесі тікелей жауап береді
Гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігіне тасадағы кіші қызметкерлер емес, иелері тікелей жауапты болады.
Олар апаттың алдын алып, бөгеттің бұзылуына жол бермеуге міндетті. Су кодексіндегі кесім солай. Демек, инфрақұрылымның техникалық жағдайын тұрақты тексеру, уақытылы жөндеу және тозған жабдықтарды ауыстыру – басты талап. Су есептеу құралдарының жарамдылығы да мойындарында. Сондай-ақ заңда заманауи технологиялар арқылы терең диагностика жүргізу тетігі де бекітілді. Егер гидротехникалық нысан табиғи немесе техногендік төтенше жағдай кезінде жоғары қауіпті деп танылса, сырттай шолу жеткіліксіз. Мұндайда 5 жыл сайын көп қырлы тексеріс жүргізіледі. Яғни тәуекелдер су астынан және ультрадыбыс пен георадарлар арқылы бақыланады. Дрон да қолданылады. Тексеру нәтижесінде негізгі құжат — Қауіпсіздік декларациясы әзірленеді. Немқұрайлыққа жол бермеу үшін құжат тәуелсіз сараптамадан өткізілуі тиіс. Ал меншік иесінің декларациясын аттестатталған тәуелсіз ұйым қайта тексереді. Бассейндік инспекция заң бұзушылықты анықтаса, құжатты тіркеуден бас тартуға құқылы. Талап сақталмаса, жеке тұлғаларға 650 мың теңге, кәсіпкерлік субъектілеріне қызмет ауқымына қарай 6 млн 500 мың теңгеге жуық айыппұл салынады. Бірақ бөгет апат алдында немесе апатты жағдайда болса мемлекет не істейді? Қауіпсіздік шараларына тікелей араласып, су қоймасындағы суды мәжбүрлі түрде төмендетіп, гидротехникалық нысан арқылы судың қауіпсіз өтуін ұйымдастырады. Бұл жұмыс барысынан жауапсыз меншік иесі шеттетіледі.