Сенатор ортақ мүлікке қатысты шешімдердің заңдылығын тексеруді ұсынды

Тұрғын үй кешендері жобалық құжаттамаға сай салынатыны белгілі. Алайда нақты техникалық сипаттамасына қарамастан, көпқабатты үйлердегі ортақ кеңістік көп жағдайда коммерциялық мақсатта қолданылатынына көзіміз жетті. 

Сондай-ақ тұруға арналмаған техникалық қабаттарды өзгертіп, пәтерге айналдыратын жағдайлар жиі кездеседі. Өткен аптада Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров тұрғындардың ортақ мүлкін өзгенің иелігіне тапсырып, заңдастыруға қатысты алаңдаушылығын білдірген. Себебі мұндай әрекет тұрғын үй ғимаратына тікелей қауіп төндіреді. Төтенше жағдайлар қаупін арттырады. Жобалау кезінде қарастырылмаған коммуникацияға артық салмақ түсіретіні тағы бар. Осы ретте сенатор еліміздің Бас прокурорына депутаттық сауалын жолдады. 

Бекбол Орынбасаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Аталған жайттарды ескере отырып, Берік Ноғайұлы жалпы үйге ортақ мүлікті мүлік иелігінен шығару шешімдерінің және техникалық бөлмелерді қайта жобалауға берілген барлық рұқсаттардың заңдылығын тексеруді сұраймыз.  Екіншіден, мұндай келісім-шарттарды жарамсыз деп танып, техникалық қабаттарды, жертөлелер мен паркингтерді сот органдары арқылы кондоминиумға қайтару үшін прокуратура тарапынан тиісті шешімдер қабылдау маңызды. Сондай-ақ меншік иелері жиналыстарының хаттамаларын бұрмалап, ортақ мүлікті заңсыз иемденгені үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту туралы мәселені қарастыру керек.

Сенатордың депутаттық сауалды Бас прокурорға жолдауының салмақты себебі бар. Өйткені осындай мәселеге тап болған мүлік иелерінің бірлестіктері жергілікті әкімдіктерге жүгінеді. Алайда тап осы түйткілдің түйінін тарқатуда құқықтық айқындық жоқ. Сол себепті тұрғындар республикалық деңгейдегі сотқа жүгінуге мәжбүр.