Елімізде Әкімшілік кодекс бойынша істерге алғаш рет амнистия жасалады
Көшеде сағыз тастаған мен көлікті мас күйінде айдағанның қайсысына амнистия қарастырылған.
Бәлкім екеуі де ілігер. Өйткені салмағы әр түрлі болғанымен екеуі де әкімшілік істер. Әзірге дөп басып айта алмаймыз. Бірақ қоғамда қызу талқы. Сарапшылар да сан тарапқа тартып, салмақтау үстінде. Түпкі ұсыныстар әне-міне әзірленуі тиіс. Себебі Үкімет басшысы ішкі істер және әділет министрліктері мен Бас прокуратураға соған бас қатыруға уақыт берген. Ал елде әкімшілік істерге рақымшылық алғаш рет жасалмақ. Сондықтан сапа маңызды. Амнистия жүргізу туралы ақырғы заңды парламенттік сессияның соңына дейін қабылдау жоспарланған.
Кешіре білу – кеңшілдік. Ал кешірумен бірге айыбын да өшіру – амнистия. Елде 1991 жылдан бері 11 мәрте рақымшылық жасалды. Бірақ, бәрі қылмыстық істерге қатысты. Биыл алғаш рет әкімшілік жауапкершілік жүктемесі мойыннан түспек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
Елімізде әкімшілік істер бойынша рақымшылық алғаш рет жасалатынын атап өткім келеді. Парламент қазіргі сессияның соңына дейін тиісті заң қабылдау керек. Бұл – Негізгі заңдағы адамгершілік идеалдары мен прогрессивті құндылықтарды қоғамда орнықтыратын маңызды қадам.
«Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген құрығы ұзын құзырлы органдарға жүрмейді. Тіпті «қуса құмалақ түспейтін» айлакер болсаң да тәртіп пен талапты орындайсың. Себебі заң ортақ. Бірақ Президенттің рақымшылық жасауға айрықша құқығы бар. Бұндай да талас жоқ. Ендеше амнистияға кімдер ілігеді? Іріктеліп жатыр.
ЦИТАТА: ҚР Ішкі істер министрлігі
Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі Әділет министрлігімен бірлесіп, амнистияны жүзеге асыру тетіктерін әзірлеуде. Құқық бұзушылық түрлері, амнистия қолданылатын тұлғалар санаты, айыппұлдарды есептен шығару көлемі мен тәртібі тиісті заң жобасын әзірлеу барысында нақтыланады.
Сонда да сенатор Марат Қожаев рақымшылық алдымен кімдерге жасалатынын топшылады. Ардагерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, көп балалы отбасылар және басқа да әлеуметтік жағынан осал топтағыларға басымдық берілуі мүмкін. Жалпы әкімшілік істерге жеке немесе заңды тұлға да ілігеді. Жолдағы ережені елемеу, қоғамдық тәртіпті бұзудан бөлек салық пен кедендегі кемшіліктер. Еңбек қатынасын сақтамау да бар.
Ардақ Әбеуова, заңгер:
- Енді бұл жақсы деп ойлаймын, жақсы бастама. Неге десеңіз адамдар кейбір әкімшілік құқықбұзушылықты әдейі істемейді ғой. Элементарно, жолдан жүгіріп өтесің бір жерден, асығып барасың, әдейі істемейсің. Солай болып қалды. Бірақ кінәмды мойындаймын дейсің ғой. Осындай жағдайларда рақымшылық заңы жақсы. Адамдардың көбінің кредиттері көп. Оның үстіне штраф болса. Штраф болғаннан кейін міндетті түрде оның шоттары бұғатталады. Ол шетелге шыға алмай қалады. Ол адамдардың әлеуметтік қоғам арасындағы нагрузкасын босатады. Бұл жақсы емес пе? Мемлекет тарапынан бұл өте үлкен жұмыс. Жағымды жұмыс.
Былтыр «адым аттасаң айыппұл арқалайсың» деп, халықтың ашынғаны анық. Ал «штрафстанға» теңеген депутат кейін артық кеткенін айтып, күмілжіді. Қалай болғанда да әкімшілік құқық бұзушылықтарға салынған айыппұл рекордтық көрсеткішке жеткен. 316 млрд теңгеге жуықтады. Бұл 2024 жылға қарағанда 4 пайыздай жоғары. Сонымен айыппұлдардың 226 млрд теңгеден көбі бюджетке өндірілген. 17 млн аса адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Аржан Сәдуақас, заңгер:
- Жазаның негізгі мақсаты – адамды тәрбиелеу. Ол мемлекет пайда көріп қалу немесе қазынаны толтыру мақсатында емес. Егер де өрескел құқық бұзушылықтар болса. Ол мас күйінде көлік айдаса. Немесе 1 жыл ішінде қоғамдық ортада қоғамдық тәртіпті бұзса өзі біле тұра. Қасақана ниет деген бар. Әрине бұндай кезде ол азаматтарға амнистияға жол бермеу керек. Алған жазасын толықтай өтеуі тиіс.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біз депутаттар жүргізу куәлігінен айырылғанына 2-3 жыл өткен, қатты мас болмаған адамдардың қалған жаза мерзіміне амнистия жасауды ұсынамыз. Бұл әділетті болар еді. Ал, енді ғана жүргізу куәлігінен айырылғандарды жауапкершіліктен босатуға болмайды.
Нақтысын ақ жағалылар алқа қотан отырып, ақылдаса жатар. Бірақ әкімшілік амнистияны басқа істермен шатастырмау шарт.
Ардақ Әбеуова, заңгер:
- Алимент деген әкімшілік іс емес, азаматтық іс. Енді былай болады. Мысалы азаматтық іс арқылы алимент өндіріледі. Адам төлемейді алиментін балаларына делік. Екі айдан кейін оны әкімшілік жауапкершілікке тартады. Сот шешімін орындамағаны үшін. Міне сол кезде рақымшылық заңы қолданылуы мүмкін. Оны жауапкершіліктен босатады. Ал азаматтық іс бойынша өндірілетін алиментке, оған қатысы жоқ.
Рақымшылық автоматты түрде жасалмайды. Өтініш беру керек, дейді мамандар. Тек әкімшілік айыптан арылу үшін адамдар әлекке түсіп, кабинет аралап кетпеу керек.
Аржан Сәдуақас, заңгер:
- Егер де азаматтар амнистияға келетін баптары бойынша кешірім алу мүмкіншілігі бар болса және одан бас тартқан болса құзырлы орган онда олар оны сот арқылы даулауға қажет. Әкімшілік амнистия болмаған. Сол себепті тетіктерін дұрыс жасау керек. Кез-келген азамат ешқандай заңгердің көмегінсіз өзі егер амнистияға құқығы бар болса соны жеңіл түрде өзі жасайтындай. Соны жетілдіру.
Амнистия қауіпті қылмыстар жасағандарға қолданылмайды. Бұған террористік, экстремистік және сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жатады. Сондай-ақ қылмысын қайталағандар мен соттан жалтарғандар да рақымшылыққа ілікпейді. Абзалы, тек жүрсең тоқ жүресің.
Нысаналы Ығыл