Ақтөбе облысында жолдарды жөндеу басталды

Ақтөбе облысында биыл республикалық маңызы бар үш бірдей көлік дәлізінің құрылысы басталады.

Бірнеше облысты байланыстыратын ауқымды жобалар елдің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған. Мысалы, "Орталық - Батыс" автомагистралі Астана мен батыс аймақтардың арасындағы күре тамыр болса, "Бейнеу - Сексеуіл" жобасы Каспийден Арал теңізіне төте жолды ашады.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Қар ери салысымен құрылысшылар жолдың табанын кептіруге кіріскен. Ауыр техникамен дәл осылай дымқыл тұстарын жырады. Одан кейін қайтадан түзейді. Ал негізгі асфальт төсеу жұмыстары сәуір айына жоспарланған.

Бұл «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Ақтөбе-Ұлғайсын бағыты. Соңғы жылдары Ақтөбе облысындағы ең көп сынға ұшырап жүрген жолдың бірі. Ұзындығы 262 шақырым болатын үшінші санатты жолды қайта жаңғыртып төрт жолақты ету көзделген. Ауқымды жоба 2029 жылы аяқталуы тиіс. 

Нұралы Тойымбетов, жоба жетекшісі:

- Қазір жол бойындағы еріген қар суын өткізіп жатырмыз. Құрылыс материалдарын жер аяғы кеңіген сәттен тасуға кірістік. 60 жүк тасымалдаушы көлік пен 20 арнайы техника жұмыс істеп жатыр. 

Өңірде қолға алынған тағы бір ауқымды жоба – «Орталық Батыс» автомагистралі. Көлік дәлізінің 141 шақырымы Ақтөбе облысы аумағынан өтеді. Қазір жоба бойындағы Ырғыз өзенінде көпір құрылысы басталып кетті. Бұдан бөлек Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарын байланыстыратын «Бейнеу-Сексеуіл» республикалық жолының техника-экономикалық негіздемесі де бекітілген. 

Ринат Оразғалиев, "Қазавтожол" ҰК" ОФ директорының орынбасары:

- Бұл жоба бойынша қазір жерді рәсімдеу қазір. Ағымдағы жылы қаржыландыру мәселесі шешілгеннен кейін, мердігер анықталғаннан кейін ол жұмыс та іске асатын болады. Ақтөбе облысы бойынша 245 шақырым өтеді. Бұл Байғанин және Шалқар аудандары арқылы өтеді. 

Республикалық көлік дәліздерімен қатар биыл өңірде облыстық маңызы бар 221 шақырым жолға асфальт төселеді. Сан жылдар бойы жөндеу көрмей шұрық-тесік күйге жеткен Қандыағаш-Шалқар бағытындағы құрылыс жұмыстары аяқталуы тиіс. 

Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов