Шымкенттегі орман алқаптарында өрт қауіпсіздігі күшейтілді
Шымкенттегі орман алқабында тілсіз жаудың алдын алу шаралары күшейтілді. Күн ысыған сайын құрғақ шөптің тұтану қаупі жоғарылайды.
Сол себепті құтқарушылар орман қызметкерлерімен бірлесе алмағайып өрт болуы ықтимал аумақтарды белгілеп, тәулік бойы рейдтік бақылау жүргізуге көшті.
«Жасыл белдеу» коммуналдық мекемесінің қызметкерлері 5200 гектар аумақта өрт қауіпсіздігін күнделікті бақылайды. Соның 1740 гектары орман қоры саналады. Орманшылар тілсіз жаудың алдын алу үшін қураған шөпті орып, жасыл желекпен шектесетін жолдардың жиегін қазады. Біліктілікті арттыру мақсатында төтенше жағдай мамандарымен бірлесе оқу-жаттығуларды өткізеді.
Асқар Ахметов, «Жасыл белдеу» КММ Орман өртін сақтау станциясының басшысы:
- Орман өрті болған жағдайда бірінші кезекте өртті өшіру тәсілдері үйретіледі. Қалай өшіреміз, қалай жүргіземіз деген сияқты. Сонымен қатар осы орман қоры желілеріндегі қорықшылар күндізгі және түнгі кезекшілікке түсіп, осы ормандағы өрттің алдын алу, одан бөлек заңсыз ағаштарды кесу, заңсыз құрылыс жүргізбесі үшін алдын ала орманды аралап, осындай іс-шара, жұмыстарды жүргіземіз.
Шымкент көшелерінің көркін ашып тұрған жасыл желек мемлекеттік орман қоры саналады. Жазда өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында қала шетінде арнайы орындар дайындалады. Минералды жолақ жырту жұмыстары –жалынның алдын алуда маңызды шара. Мамандар ағаштар мен бұталарды заңсыз кесуді болдырмау үшін тұрғындарға түсіндіру шараларын жүргізеді. Былтыр мыңға жуық құрғақ шөптің тұтану дерегі тіркелсе, ереже бұзған 64 адам жауапқа тартылған.
Сергей Огай, қалалық ТЖД бастығының орынбасары:
- Былтыр Шымкенттің аумағында екі орман өрті тіркелді. Тұтанған құрғақ шөп дер кезінде сөндіріліп, орманды алқапқа зиян келген жоқ. 2024 жылға қарағанда қазір орман аумағы біршама кеңейді. Жасыл желек қауіпсіздігін Қазығұрт ауданындағы «Жасыл белдеу» мекемесінің қызметкерлері қадағалап келеді.
Орман қорына тиесілі аумақта алмағайып өрт шықпауын құтқарушылар орманшылармен бірлесе бақылауға көшті. Өрт сөндіру жасақтары тәулік бойы кезекшілік атқарып, арнайы техникалар мен құралдардың жай-күйін тексерді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Катерина Попкова, Нұрмахан Мусатов