Ақмола облысында аутизм дерті асқынып барады
Ақмола облысында мыңнан астам балаға аутизм диагнозы қойылған. Өкініштісі сол статистика жыл сайын өсіп барады.
Мәселен, соңғы үш жылда ерекше балғындар саны 72 пайызға дейін өскен. Бұл жергілікті сала мамандарын алаңдатып отыр. Мәселе қалай шешіліп жатыр?
Әлия Рахымбекова - ерекше баланың анасы. Осыдан он жыл бұрын ұлына «сөйлеу дамуының кешігуі» диагнозы қойылған. Кейін көпбалалы ана көптеген дәрігерлердің көмегіне жүгінеді. Бірақ білікті маман табу өте қиын,-дейді. Сол себепті өзі логопед мамандығын меңгеріп алған.
Әлия Рахымбекова, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Менің ұлым қазір 13 жаста. Біз оның бойынан екі жарым жаста болған кезде аутизм белгілерін байқадық. Алдымен осындағы, кейін Астанадағы ауруханаларға апарып, арнайы ем қабылдадық. Бірақ нәтижесін көре алмадық. Кейін өзім салаға бет бұрып, логопед мамандығын оқып алдым. Ұлыммен тыңбай жұмыс істедім. Қазір ол қарапайым мектепте өз қатарластарымен бірге білім алады.
Аутизм белгілері бар жеткіншектермен жұмыс істеу қажырлы еңбекті талап етеді. Бірақ барлық ата-ананың Әлия Рахымбекова сияқты баласымен жеке айналысуға мүмкіндігі жоқ. Өйткені, кейбір отбасыларда дертке шалдыққан бір емес, бірнеше бала бар.
Толқын Алхатова, Психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің басшысы:
- 35 отбасы 2-3 аутизммен балаларды тәрбилелеп жатыр. Ол отбасына эмоциялық, психологиялық жағынан өте қиын. Ата-аналар көп шаршайды. Сол кісілерге көмек жасау керек.
Соңғы жылдары балғындар арасында цифрлық аутизм да пайда болған. Қарапайым тілмен айтқанда – гаджетке тәуелділік. Соның кесірінен жеткіншек жан-жағындағылармен байланысқа түсуден қалады.
Толқын Алхатова, Психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің басшысы:
- Баланы тыныш отырсын деп телефонға отырғызып қояды. Теледидар қосып, тыныш па, тыныш, адам құлағы тыныш болған соң, соған қуанады. Бірақ бала біраздан кейін сөйлесу, эмоция жағынан отбасыдан үйренбеген соң өз қалпы отыра береді.
Жалпы аймақта ерекше білімді қажет ететін 14 мыңнан астам бала бар. «Олардың саны жыл сайын мың балаға дейін өседі»,-дейді білім басқармасындағы мамандар. Сәйкесінше, логопед, психолог, дефектолог мамандарына сұраныс артқан. Қазір өңірде 51 маман жетіспейді.
Мақпал Қалиақпарова, облыстық Білім басқармасының бас маманы:
- Көкшетау қаласы бойынша колледждердің бірінде логопедия мамандығы бойынша студенттер оқып жатыр. Мысалы, биылғы 2025-2026 жылғы оқу жылында 9 студент оқуға түсті. 2024-2025 оқу жылын 13 студент аяқтап, қазіргі біздің мектепке дейін ұйымдарда жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар Ақмола облысының гранттары ұйымдастырылады.
Бұдан бөлек облыс бойынша инклюзивті білім беруге арналған 127 сынып жұмыс істейді. Қазір онда екі мың бала тәлім алады. Биыл осындай тағы 30 кабинет ашу көзделіп отыр.
Авторлары: Абзал Азасматұлы, Евгений Шинкаренко