Ақтауда есепші алаяқ болып шықты

Ақтауда жүкті әйелдерге берілетін мемлекеттік төлемдерді жымқырған есепші ұсталды. Ол ақша алудың арнайы схемасын жасаған.

Тергеу мәліметінше, есепші өзін әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу жөніндегі маман деп таныстырып, жәрдемақы көлемін арттыруға уәде берген. Жеке кәсібі бар таныстарының электрондық қолтаңбасын пайдаланып, жұмысқа қабылдау туралы бұйрық, еңбек шарты, және өзге де бухгалтерлік құжатты заңсыз дайындаумен айналысқан. Жалған мәліметтер негізінде жергілікті уәкілетті органдар жәрдемақыны артық мөлшерде тағайындаған. Алаяқтықпен оңай олжа табуды көздеген күдікті сот үкімімен қамауға алынды.

Ернар Тайжан, ҚР Қаржы мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- Нәтижесінде мемлекетке 146 млн теңге көлемінде залал келтірілген. Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа үш бөлмелі пәтер сатып алынып, тергеу барысында оған тыйым салынды. Сот үкімімен оған 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Пәтер мемлекет кірісіне тәркіленді.