Семейдегі сауда нысандарында тазалық сақталмаған
Семейдегі бірқатар сауда нысанында санитарлық талап сақталмаған. Ғимараты ескірген, айналасы абаттандырылмаған.
Жалпы жыл басынан бері тазалыққа салғырт қарағандарға 12 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Одан бөлек, 3 мыңнан астам адамға ескерту берілді. Осыған орай облыс әкімі Берік Уәли қаладағы бірнеше сауда орнын аралап, жай-күйімен танысты. Ғимараттың ішкі тазалығынан бөлек, айналасының абаттандырылуына да назар аударды. Анықталған кемшілік аз емес. Өңір басшысы жауаптыларға олқылықты тез арада жоюды тапсырды.
Облыс әкімі алдымен адам аяғы арылмайтын «Нива» сауда үйіне барды. 1985 жылы салынған ғимарат ескіріпті. Төбесінен су ағып жатыр. Айналасында бей-берекет орналасқан дүңгіршектер де қаланың ажарын бұзып тұр. Сауда үйіне кіретін баспалдақтар лас. Кәсіп иелерінің тазалыққа немқұрайлы қарайтыны көрініп ақ тұр. Өңір басшысы мұндай нысандардың санитарлық талапқа сай келмейтінін айтып, жауаптыларға қатаң ескерту жасады.
Берік Уәли, облыс әкімі:
- Заң аясында ескерту жасау керек. Одан кейін аудан, қала әкімдерінің барлығына осындай нысандардың барлығына алдын ала заң аясында ескерту жасап, айыппұл салу керек. Қаланың келбетін бұзып тұр ғой. Өзі осы жерден табыс тауып отыр. Ешқандай ақша салмайды.
Қала орталығындағы «Жансая» базарындағы жағдай да мәз емес. Сауда орнының қасбеті ескірген, айналасы да талапқа сай келмейді. Кәсіпкерлерге тез арада кемшіліктерді жою міндеті қойылды. Ал жергілікті билік бақылауды күшейтуі тиіс.
Берік Уәли, облыс әкімі:
- Мынаның барлығы сіздің территорияңыз. Асфальт төселмеген. Сырты деген міне. Қала әкімі заң аясында талап етіңіздер. Құқық қорғау органдары, кәсіпкерлік басқармасы, СЭС жұмыс жасаңыздар.
Жалпы өңірде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар жалғасуда. Жауаптылар арнайы рейд жүргізіп, қала тазалығын тексеріп отырады. Жыл басынан бері 3 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелген. Меншігіндегі нысанда санитарлық талапты сақтамағандар жауапкершілікке тартылған.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков