Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

Арам пиғылдылар өздерін ірі компания, мемлекеттік орган не жоғары оқу орындарының басшылары етіп таныстырады.

Яғни желідегі жалған аккаунт немесе телефон нөмірлері арқылы әлгі мекеменің қызметкерлеріне басшылық атынан хабарласады. Сөйтіп, оларға жеке деректерінің таралып жатқанын және қаржылық қауіптің туындағаны жайлы хабарлайды. Жағдайды мейлінше төндіріп, жедел әрекет етуді талап етеді. Онысы құқық қорғау органдары, немесе өздері атаған маманның хабарласқанын күтіп, солардың нұсқауларын бұлжытпай орындау керегін айтады. Алаяқтық схеманың салдарынан, адамдар «қауіпсіз» деп ойлаған шоттарға ақшасын аударады. Шын мәнінде бұл алаяқтардың құрған қақпаны. Айта кетерлігі, қаскүнемдер заманауи технологияны жақсы меңгерген.  Олар дауысты өзгерту сияқты тәсілдермен азаматтардың сеніміне кіріп, алдауға тырысады.  Ішкі істер министрлігі банктер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері ешқашан телефон арқылы ақша аударуды талап етпейтінін ескертеді.