Семейде «Парктер шеруі – 2026» өтті

Семейде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Парктер шеруі – 2026» шеруі өтті. Игі бастама «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында ұйымдастырылды. 

Семей қаласының орталық саябағындағы дәстүрлі шараға 400-ге жуық студент, оқытушылар және «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының қызметкерлері қатысты. Ашылу салтанаты мерекелік көңіл күйде өтіп, қатысушыларға концерттік бағдарлама ұсынылды.

Мамандардың айтуынша, «Парктер шеруінің» басты мақсаты – табиғатты қорғау ғана емес, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Жастарды табиғатқа жанашырлықпен қарауға тәрбиелеу.

Нұржан Бекенов, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты бас директорының орынбасары:

- «Семей орманы» табиғи резерваты жыл сайын «Парктер шеруі» экологиялық акцияны өткізеді. Бүгінгі таңда Семейде де, облыс бойынша әр аудандарында өтеді. 

Іс-шара барысында қатысушылар тазалық жұмыстарына белсене кірісті. Олар орталық саябақ аумағын қоқыстан тазартып, жасыл желекті күтіп-баптау шараларын жүргізді. 200-ден астам ағаштың түбін әктеді.

Жадыра Мұратханқызы, оқытушы:

- Семей орманы ұйымдастырған парктер шеруіндеміз. Айналаны тазартуға, қоқысты жинауға белсене атсалысып жатырмыз.

Досан Сырлыбай, студент:

- Іс-шара әр жыл сайын өтеді. Ағаштарды жаңарту, отырғызу жұмыстары. 

Айта кетейік, «Парктер шеруі» жыл сайын әлемнің барша елінде өткізіліп, оған жүздеген мың адам қатысады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, мұндай сенбіліктер алдағы уақытта да жалғасады. «Парктер шеруі» Абай облысының өзге аудандарында да ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар өңірде биыл 500 гектар жерге ағаш егу көзделіп отыр. 

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков