Белгілі блогер Тао Минсю «Достық» орденімен марапатталды
Қытайлық белгілі блогер, Kazakh Tourism амбассадоры Тао Минсю Мемлекет басшысының атынан ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.
Жоғары мемлекеттік награданы оған Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстады. Марапат желі белсендісінің Қытай медиакеңістігінде Қазақстанды танытуға, оның мәдени мұрасы мен туристік әлеуетін насихаттауға, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін берілді.
««ІІ дәрежелі «Достық» ордені – бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен гуманитарлық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесіңіздің жоғары мемлекеттік бағасы. Сіздің еңбегіңіздің арқасында миллиондаған адам Қазақстанды, оның бай мәдени мұрасын, көркем табиғатын және туристік әлеуетін жақынырақ таныды», – деп атап өтті Аида Балаева.
Өз кезегінде Тао Минсю Қазақстан Республикасының Президентіне жоғары марапаты үшін алғыс білдіріп, алдағы уақытта да қазақ мәдениеті мен тарихын насихаттау бағытында жұмысын жалғастыра беретінін айтты. Ол бұған дейін Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында болып, жиынтық қамтылымы 1 миллиардтан асатын 100-ден астам материал жариялады. Былтыр мамырда оған «Қазақстан туризмінің елшісі» құрметті мәртебесі берілді. Қазақстанға бесінші сапары аясында блогер Алматы – Ақтау – Түркістан бағытымен сапарлап, Амал және Наурыз мерекелеріне арналған іс-шараларға қатысты. Қытайлық блогерді марапаттау Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың кең ауқымды нығаю үдерісінің бір көрінісі. Бүгінде екі елдің қарым-қатынасы жан-жақты стратегиялық әріптестіктің бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейіне көтерілді. Бұл бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин арасындағы достық қатынастар айрықша рөл атқарып, екіжақты байланыстарды одан әрі тереңдетудің берік бағдарын айқындап отыр. Айталық, биылғы жыл екі ел мәдениетінің тоғыспалы жылы деп жарияланған еді. Ынтымақтастық аясында Бейжің қаласында Қазақстанның мәдени орталығы ашылды. Бұл – шетелде ашылған осындай алғашқы әрі әзірге жалғыз мекеме. Арадағы сауда-экономикалық байланыспен қатар, барыс-келіс те артып келеді. Мәселен, 2024 жылы Қазақстанға Қытайдың 655 мың азаматы келсе, былтыр бұл көрсеткіш 968 мың адамға жетті.
Тао Минсю, Блогер:
- Мені сіздердің табиғаттарыңыздың сұлулығы мен қалаларыңыздың терең тарихи мәні шын мәнінде шабыттандырады. Бұл мені қайта-қайта осында оралуға итермелейді және Қазақстанға келгенде қайту туралы ойламаймын да. Наурыз айында мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен едім - бұл мен үшін ең ұмытылмас күн болды. Мен өте бақыттымын және осыған мақтанамын.