Аутизм мәселелері ашық алаңда талқыланды
Астанада аутизмі бар балалардың ата-аналары сарапшылар және мамандармен бірге ашық диалог алаңына жиналды.
Шарада әр қаладан келген 10 білікті спикер сөз сөйлеп, аутизм диагонозы қойылған балалардың ата-аналары үшін құнды практикалық тәжірибелерімен бөлісті. Баяндамашылар бұл отбасыларда жиі кездесетін мәселелерді ортаға салып, ата-аналардың эмоционалдық жағдайын жақсартып, жасөспірімдерді дамыту мен бейімдеу үшін жүргізілетін жұмыстар жайында ой бөлісті. «Autism Talks» атты кездесу осымен төтінші рет өткізіліп отыр. 500-ден астам қатысушының басын қосқан шара «Кедергісіз келешек» бағдарламасы аясында Bolashak Charity қоғамдық қорының бастамасымен ұйымдастырылды.
Самал Әлбілекова, Bolashak Charity қоғамдық қоры Инклюзивті және әлеуметтік жобаларының жетекшісі:
- 4 жылдың ішінде 1500-ге жуық ата-ана келіп қатысты. Мұнда ата-ана өзінің тәжірибесімен бөлісіп, қандай да бір кеңестерін айтады. Сонымен қатар екінші бөлімде арнайы мамандар психиатр, психолог, невролог, мінез-құлық талдаушысы және заңгерлер ата-аналарға пайдалы кеңестерін айтады. Залға жиналған кісілер арнайы сұрақтарын қойып жауаптарын ала алады.
Мадина Татубаева, Халықаралық мінез-құлық талдаушысы:
- Ата-аналардың ең басты сұрағы: «Ертең менің балам қоғамда қалай әлеуметтенеді? Қалай әлеуметтендіру керек? Өз өзіне қызмет ету дағдыларын қалай қалыптастырамыз? Ертеңгі күні достары бола ма, болмай ма?» деген сұрақтар қояды. Көп кабинеттер ашылып жатыр. Жалпы мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттері, СППС ашылып жатыр. Қазақстан бойынша 8 Аутизм орталығы ашылды. Ата-аналар бұл көмекті тегін алады, сол үшін қолдау өте жақсы.
Айта кетейік, бүгін - дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күні. Елімізде осындай диагноз қойылған 18 153 адам динамикалық бақылауда тұр. Оның 18 мыңға жуығы кәмелетке толмаған балалар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, аутизм шамамен әр 100 баланың бірінде кездеседі, ал әлемде науқастар саны 75 млн-нан асады.