Елде киік мүйізі экспортталады

Киік мүйіздері биылдан бастап ресми сатыла бастайды. Қазір экология министрлігінің қоймаларында шамамен 20 тонна ақбөкеннің мүйізі бар.

Оның барлығы заңсыз түз тағысын аулаған броконьерлерден алынған. Киік мүйіздерін сатудан түскен қаржы қайда жұмсалады? Қырда киік азайып қалған жоқ па? 

Киік мүйізі – браконьерлердің басты нысанасына айналған ең құнды ресурс. Осы саладағы тәртіпті күшейту үшін Қазақстан 2016 жылы Бонн конвенциясына қосылып, киік мүйізін сатуға нөлдік квота енгізген болатын. Алайда бұл шектеу былтырғы жылдың желтоқсанында алынып, жылына 10 тоннаға дейін ұлғайтылды. Әзірге оның мерзімі үш жыл. Егер министрлік осы аралықта тиянақты жұмыс жасаса, бұл квота алынуы мүмкін. Сонда еліміз 2029 жылға қарай 10, 20, тіпті 50 тоннаға дейін шексіз киік мүйізін экспорттай алады.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
- Киік санын реттеу кезінде мүйіздер кесіліп алынады. Олар қабылдау пункттерінде және жергілікті әкімдіктерде ақпараттық жүйеге енгізіліп, арнайы таңбаланады. Кейін күзетпен Алматыға жеткізіледі. Мұнда арнайы салқындатқыш қоймалар бар. Онда белгілі бір температура мен ылғалдылық режимі сақталады. Әр мүйіздің жеке нөмірі бар және бәрі тіркеуде тұр.

Киік мүйізінен түсетін қомақты қаржы қайда жұмсалады? Министрдің айтуынша, қаражат биологиялық әртүрлілікті сақтауға, киіктерді қорғауға, сондай-ақ қажетті көлік сатып алуға жұмсалады. Дегенмен жауапты мамандар әзірге түз тағысының мүйізін сатудан қанша ақша түсетінін нақты айта алмай отыр.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
- Нарықта өнім болмаса, оның бағасы жоғары болады. Ал көп көлемде шықса, баға төмендеуі мүмкін. Сондықтан нақты сома туралы айту қиын.

Жарты жылда 175 мың киік сойылды

Елде киік санын реттеу шарасы басталғалы 175 мыңнан астам киік сойылған. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді. Киіктердің санын реттеу жұмыстарына жауапты 35 сою пунктінің 27-сі тәулігіне 5 885 бас бөкен сойған. Бұдан Оралда бұқтырылған киік еті сатыла бастады. Аймақтағы ет өңдеу комбинаты тәулігіне 16 мың дана қалбырдағы киік етін дайындайды. Жазға салым бұл көрсеткішті миллионға жеткізбек.

Зәуре Берекешова, ет өңдеу зауыты директорының орынбасары:
- «Охотзоопроммен» келісім-шартқа отырып, былтыр күзде киік төшкелерін қабылдадық. Өндірістік желі тоқтаусыз жүруі үшін әуелі қажетті мөлшерде шикізатты жинап алғымыз келді. Қазір бұқтырылған киік етін сатуды бастадық. Бір қалбырдың салмағы 330 грамм. Алғаш шығып жатқандықтан жаңа өнімді нарық пен халықтың қалай қабылдауы біз үшін аса маңызды.

Қайсар Қошалиев, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор:
- Ауыл шаруашылық жануарларына қарағанда киік етінде Д5 витамині бес есе жоғары. Сосын майы аз. Майын пайызға салып көрсек, 9-12%-ға дейін жетеді. Ал ақуыз 22%-ға дейін. Сондықтан киік етін диеталық жағынан қарағанда зат алмасу процесіне өте жағымды болады.

Қырда 4 миллионнан аса киік бар

Ауланған киік етін тұтастай сатқаннан гөрі заманауи әдіспен терең өңдеуге көшу тиімді. Ғалымдарымыз киік санының тек 10 пайызын реттеумен көп мәселені шеше алмаймыз деген пікірде. Киік санының көптігі ауыл шаруашылық саласы үшін де экологиялық қиындықтар туғызатынын атап өтті.

Мадияр Әлжаппар, ақбөкенді қолға үйрету ғылыми патенттерінің авторы, академик:
- Қазір нарықтағы бағасы соңғы кезде 1800-ден 2400-ге дейін барды. Ол реттеуден алынған киік етінің бағасы. Сиыр, жылқы етінен екі есе төмен болғандықтан ол – таза ақуыз. Егер естеріңізде болса, Кеңес Үкіметі кезінде Францияға экспортқа жіберіп отырған. Бұл – мемлекет бюджетін толтыруға деген үлкен валюта, киіктің етін терең өңдеп, мүйізін экспортқа шығаратын болсақ, ол бюджет үшін жақсы.

Киік – өмір сүру уақыты қысқа, көбеюі жылдам дала жануары. Мамандардың айтуынша, қалыпты жағдайда олардың жыл сайынғы табиғи өлімі жалпы санының шамамен 20 пайызын құрайды. Ал қысқы күйектен әлсіреп шыққан аталықтардың 50 пайызы өлуі мүмкін. Қырға қардың қалың түсуіне қарай азық қорының азаюына байланысты жануарлар денесіндегі май қорын жоғалтады. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жер бетіндегі ақбөкеннің 98 пайызы біздің елде мекен етеді. Былтыр саны 4 миллонға жуықтады. Ал былтырғы төлдерін қоса алғандағы санақ сәуірден мамыр айына дейін жүргізіледі. Оны қосқанда киік саны 5 млнға жету мүмкін. Мамандар осылай дейді.