Алматыда 550 мыңнан астам жасыл желек егіледі

Алматыда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында биыл 550 мыңнан астам жасыл желек егіледі. 

Оның 7 мың 200-і ірі өлшемді ағаштар. Қазір қалада көгалдандыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұл туралы қалалық Экология және қоршаған орта басқармасының өкілдері айтты.

Көгалдандыру жұмыстары климаттық ерекшелік пен қалалық ортаны дамыту басымдықтарын ескере отырып, көктемде және күзде жүргізіледі. Экология және қоршаған орта басқармасы мамандарының айтуынша, жасыл желекті жерсіндіруге басты назар аударылады. Сол үшін көшеттің өте төзімді түрлері таңдап алынған. Осының бәрі уақыт өте мегаполисте жайлы жасыл кеңістік қалыптастырады.

Нұркен Ақмырза, қалалық Экология және қоршаған орта басқармасының бас маманы:

- Көктемде 19 мыңнан астам жасыл желек егу жоспарланып отыр. Көктемгі көгалдандыру кезеңі аясында 3700 ірі өлшемді ағаштар отырғызылады деп болжанды. Қазіргі уақытта 6 мыңнан астам жасыл желек егіліп қойды. Оның ішінде 2600 ірі өлшемді ағаштар, қалғаны өтемдік отырғызу ағаштары.

Өтемдік деген бұрын кесілген тал-теректің орнына егілетін ағаш. Яғни 1 тал кесілсе, 10 көшет егу міндеттелген. Орнына биіктігі 2-3 метр болатын ағаштар егіледі.

Әділет Нәдірбек, мердігер ұйым өкілі:

- Барлық аудан аймақтарда ағаш отырғызу ауқымды түрде жүріп жатыр. Дәл қазір Бостандық ауданында үйеңкі рі көлемді ағашын отырғызып жатырмыз. 70 данасын отырғызып жатырмыз. Көліктердің қоқыстарын зиянды заттарынан қорғау және экологиялық ортаны жақсы қалыптастыру үшін осындай ағаштарды отырғызып жатырмыз.

Жол бойында үйеңкіден басқа өте ұзақ уақыт өсіп тұратын гинкго билоба тамыр жаяды. Оны ақ ағаш деп те атайды. Ал алма мен алмұрт сияқты жеміс ағаштары саябақтарға сән береді. Қазіргі уақытта 6 мыңнан астам жасыл желек егілді. Оның күтіміне мердігер мекеме жауапты. 

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Айдос Қалиев