Алматы облысында диқандарға 3,5 млрд теңге қаржы бөлінді

Алматы облысында көктемгі дала жұмыстары қызу жүріп жатыр. Биыл өңірдегі 21 шаруа қожалығы 3,5 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік қолдауға ие болды.

Қаржы «Кең дала-2» бағдарламасы аясында бөлініп, егіс науқанын уақтылы әрі сапалы жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. 

Жамбыл ауданына қарасты Қаракәстек ауылы – еңбек майданы қыз-қыз қайнаған елді мекендердің бірі. Мұнда жүзге жуық шаруа қожалығы жұмыс істейді. Оның тең жартысы мал шаруашылығымен айналысса, қалғаны егін егуді кәсіп еткен.Солардың бірі – диқан Әлібек Бекен. Биыл ол мың гектар алқапқа жаздық арпа сепкен. «Ауа райы жайлы болғандықтан биыл дала жұмыстарын 10 күнге ерте бастадық», – дейді ол.

Әлібек Бекен, диқан:

- Бізде центнермен есептегенде, гектарына 24-25 центнерден аламыз. Ол жақсы көрсеткіш деп ойлаймын. Бізде негізі жауын-шашын жақсы жауады. Бір 2 жыл бұрын ғана қуаңшылық болды. Сол кезде ғана қиналды шаруа қожалықтары. Алдыңғы жылы, биыл да жақсы өнім алады деп үміттеміз енді.

Жалпы биыл Жамбыл ауданында 106 мың гектар жерге егін егіледі. Оның басым бөлігі дәнді дақылдар мен көпжылдық шөптерге тиесілі. Қажетті тұқым қоры толық дайындалып, сапасы зертханалық тексеруден өткен.

Қайрат Тойшыбеков, Жамбыл ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

- Тұқымдар осы 106400 гектарға егілетін тұқымдардың көлемі 13300 тонна. Ол негізінен дайын, 13 300 тоннаның барлығына жуығы зертханадан өтіп, сараптама жасалып бітті. Тұқым дайын. Егер жетіспеген тұқым болса, Алматы облысында 8 тұқым шаруашылығы бар, сол 8 тұқым шаруашылығынан жетіспеген тұқым алынады.

Облыс бойынша биыл 438 мың гектар егістік алқабы игеріледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9000 гектарға артық. Дегенмен су үнемдеу мақсатында күріш алқаптарының көлемі қысқартылды. Дала жұмыстарының сапалы әрі уақытылы жүргізілуі үшін «Кең дала-2» бағдарламасы аясында шаруаларға жеңілдетілген несие беріліп жатыр. 

Еркінбек Даутқұлов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Кең дала-2 бағдарламасы – көктемгі, күзгі жұмыстарға арналған бағдарлама. Ол жерде 5 пайызбен 18 айға ақша береді. Биылдың өзіне бөлінгені 10 млрд теңге. 10 млрд теңгенің 6,1 млрд теңгесіне 47 өтінім түсті. Оның уже 3,6 млрдын шаруа қожалықтары алып, жұмыс жасап жатыр. 

Биыл өңірде су үнемдеу технологияларын енгізу де басты назарда. Заманауи әдістер 50 мың гектар алқапта қолданылады. Суарудың жаңа технологияларын енгізуге жұмсалған шығынның 80 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады.

Авторлары: Гүлім Советқан, Аят Дүйсембай, Аманжол Жонкешов