Жетісу облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 8 мың көшет егілді
Облыс көлемінде ұйымдастырылған сенбілікке 15 мыңнан аса адам қатысып, 200-ден аса техника тартылды. Тазалық шарасы жастардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және аймақты көгалдандыруға бағытталып отыр.
Талдықорғандағы студенттер үйінің алды енді шағын саябаққа айналады. Білімгерлер облыс әкімі Бейбіт Исабаевпен бірге қылқанжапырақты ағаштардың көшетін егіп, қаланы абаттандыруға үлес қосты.
Ақерке Қызайбай, «Қазақстан студенттерінің альянсы» облыстық филиалының төрағасы:
- Табиғатты аялауға және табиғатымызды дамытуға қосқан ең үлкен қадамдардың бірі болып табылады. Осындай кішкентай қадамдар біздің табиғатты қорғауға және табиғатымызды аялауға үлкен әсерін тигізеді деген ойдамын.
Талдықорғанда экологиялық акциялармен қатар инфроқұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Жазға дейін Жастар саябағы мен Қаратал өзенінің бойындағы аллеяда автоматты суару жүйесі іске қосылады.
Бағдат Тасболатов, мердігер:
- Бізде 44 магнитті клапан қойылады. Әр зона бөлек бөлек суарылады. Бізде общий площать 43 мың квадрат. Зеленый зона. Оның бәрі суарылатын болады.
Облыс көлеміндегі сенбілікке денсаулық сақтау, білім беру, спорт саласының мамандары мен еріктілер, қоғамдық ұйым өкілдері тартылды. Сонымен қатар коммуналдық және әкімшілік қызметкерлер де атсалысты.
Ернат Бәзіл, қала әкімі:
- Жоспарымыз 13 мың ағаш. Оның 2 мыңы көктемдік. 11 мыңы күздік ағаш. Бүгінгі таңда 200-ден астам ағаш егіп тастадық. Сәуір айының аяғына дейін қалған 1800 ағашты егеміз деп жоспарлап отырмыз.
Жетісу облысында «7 Өзен», «Эко керуен», «Жасыл белдеу» сынды бірқатар бастамалар қолға алынған. Жыл басынан бері сенбіліктерге 37 мыңнан аса адам қатысты. Көпшіліктің атсалысуымен 19 мыңнан аса көшет егіліп, 4 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Жеңіс Әбдрешов