Туризм табыс көзіне айналмақ

Туризмді дамыта алған елдер оны қомақты табыс көзіне айналдырып отыр. Қазір әлемдік ішкі жалпы өнімнің 10 пайызы осы салаға тиесілі.

Жаһандағы әрбір 9-шы жұмыс орны саяхатпен байланысты екенін ескерсек, бұл саланың ел экономикасына тигізер пайдасы орасан. Мамандар да «21 ғасыр – туристік индустрияның дәуірі» дегенді жиі айтады. Осы игілікті еліміз қалай пайдалануда? Туристік қала саналатын Түркістанда бұл қалай дамып келеді? 

Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени музей-қорығы - еліміздегі туристер ең көп келетін киелі орын. Себебі мұнда түркі халықтарының рухани ұстазы Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі орналасқан. Оған жыл сайын еліміздің әр өңірі мен алыс-жақын шет елден млн-ға жуық адам зиярат етіп келеді. Түркістанға туристерді тартатын да негізінен осы нысан.

Нұрлан Дүкенбаев, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының м.а:

- Сырттан келушілер негізінен Өзбекстаннан көп келеді. Одан кейін Ресей, Қырғызстан, Түркия, Қытайдай қазір қосылып отыр. Европа, Жапония, Корея, АҚШ-тан да келеді. Олардың келудегі мақсаты - Әмір Темір дәуірінен қалған бүгінге дейін аман жеткен бір-ақ ескерткіш, ол - біздің кесенеміз. Сонымен қатар Әмір Темірдің кесенеге сыйға тартқан тайқазан, лауха, шырақдандар, қабіржапқыш бар. Осындай қайталанбас жәдігерлерді көру үшін туристер көптеп келеді.

Биыл наурыз айының өзінде Түркістанға 60 мың адам саяхаттап келіпті. Мұнда туристер негізінен көктем, жаз және күз айларында көптеп келеді. Туристер жиі баратын Парсы шығанағынан тыныштық кеткелі саяхатшылар бағытын қауіпсіз елдерге бұра бастаған. Мәселен, Ресейден келген турист Ирина Ларёнцева Түркістанның саяхатшылар үшін қауіпсіз, әрі жайлы екенін айтады.

Ирина Ларёнцева, саяхатшы:

- Түркістан қысқа уақыт ішінде қалай өзгергенін көзімізбен көріп, қуанып жатырмыз. Әсіресе туристер үшін қолайлы орта қалыптасқан. Бағалары да өте қолайлы. Біз құрбыларымызбен наурыз айында Дубайға барамыз деп алын ала тур сатып алғанбыз. Алайда ол жақта қазір шиеленіс болып жатқандықтан жоспарымызды өзгерттік. Қазақстан оның ішінде Түркістан біз үшін қауіпсіз қала. Мұнда тарихи орындарды аралап, керемет әсерге бөлендік.

Валентина Амирова, саяхатшы:

- Мен Түркістанға алғаш рет келіп тұрмын. Қала шығыстық үлгіде салынған ерекше ғимараттарымен баурап алды. Халқы да өте қонақжай екен. Ең керемет қонақ үйге жайғастық. Барлығы заманауи, қызмет көрсету сапасы, инфрақұрылымы, тамағы бәрі ұнап жатыр. Мұндай тарихи орындар өте көп екен.

Түркістан облысында туристік маусым наурыз айында ашылды. Келген туристер 2-3 күнге аялдау үшін бірнеше туристік бағыт қызмет көрсетеді. Тарихи-танымдық, экологиялық және емдік туризм. Ішкі туристердің басым бөлігі біріншісін таңдайды. Себебі аймақта 1700-ден астам түрлі тарихи-мәдени ескерткіштер бар. Соның ең маңыздысы ашық аспан астындағы - Күлтөбе қалашығы.

Ахатбек Баубеков, жолбасшы:

- Күлтөбені көргісі келеді. Олар үшін қызық, жұмбақ орын десек болады. Осы жерде Тәуке ханның Жеті жарғысы қабылданған, бүкіл билерді жинап, Ата заңымыздың бастауы болған. Сол үшін де бұл жердің тарихи маңызы зор деп ойлаймын. Бұл жерден бірегей ескеткіштерді көруге болады. Сол заманнан сақталған қабырғалар, көшелер тұр.

Одан кейін туристер міндетті түрде «Қолөнершілер қалашығына» соғып, кәдесый сатып алады. Мұнда қазір 30-дан астам шебер ағаш пен темірден, жүн мен киізден, керамика мен теріден түрлі бұйымдар жасап, туристерге ұсынады.

Абайхан Рыспаев, шебер:

- Келген туристер ескерткішке бір зат алып кеткісі келеді ғой. Осында жасалып жатқан бұйым алғысы келеді. Осы шеберханамызға кіріп, көріп, шебердің өзінен алғанды дұрыс көреді. Соған лайықталған жұмыстарды жасап жатырмыз.

Саяхатшы үшін ең алдымен баратын жері, көретін дүниесі, алатын әсері маңызды болғанымен жайлы орын, сапалы қызмет, үйлесімді инфрақұрылымға да қатты мән береді. Сондықтан турист түсетін қонақ үйден бастап, жүретін жолы, ішетін асы, көретін қызығына дейін жасқы әсер қалдырып, ұмытылмас эмоция сыйлауы тиіс.

Наргиз Жақсыбаева, Атырау қаласының тұрғыны:

- Алғаш рет келуімізге байланысты қыдырып, құрбыммен барлық жерді аралап жүрміз. Тарихқа толы мекен болған соң бізге барлық жер қызық. Барлық жер таза, өзіміздің қаламен салыстыруға болады ғой. Дамып жатыр екен. Өте ұнап жатыр. Бізге шетелде жүргендей сезім қалдырып жатыр. Балаларымыз да мәз.

Туризмге жауапты мамандар Түркістанның туристік мүмкіндігін көрсетіп, салаға тың серпін беру үшін цифрлық маркетингті күшейтуге баса мән беруде. Соның нәтижесінде өткен жылы қызмет көрсету саласы 20 пайызға артып, 4 млрд теңге табыс түскен. Қазір қалада 1300 орындық 72 қонақ қызмет көрсетеді. Ал заманауи бизит орталығы туристер үшін негізгі ақпараттық хабқа айналған.

Бақытжан Азанбеков, «Туристерге қызмет көрсету орталығы» КММ директоры:

- Мұнда кәсіби гидтермен киелі орындарға арналған жаңа туристік маршруттық қызмет көрсетеді. Туристерге карталар мен ақпараттық буклеттерді 4 тілде ұсынып жатырмыз. Біздің басты мақсат - Түркстанды тек тарихи мұралар мекені ретінде ғана емес, сервистік деңгейі жоғары, инфрақұрылымы дамыған халықаралық талаптарға сай, бәскеге қабілетті туристік орталыққа айналдыру.

Мамандардың айтуынша, облыста туризм саласына 50 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған. Одан бөлек, экотуризмді дамыту үшін құны 7 млрд теңге болатын 8 жоба жүзеге асырылуда. Айта кетейік, биыл өңірге 1 млн-нан аса саяхатшы келеді деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш