ҰБТ-ның орнына жаңа тест жүйесі енгізіледі

Қазақстанда ҰБТ-ның орнына жаңа тест жүйесі енгізіледі. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді.

Бірақ бірыңғай ұлттық тестілеудің  жаңа форматына көшу бірден емес, кезең-кезеңмен жүзеге асады. Жаңа сынақты түлектер нақты қашан тапсыра алады?

Тыңнан түрен тарттық екен деп ұзақ жыл бойы жетілдіріліп, кемеліне келтірілген ҰБТ-ыны бірден жоя салмайды. Жаңа тест жүйесі біртіндеп енгізіледі. Әуелі жаңашылдықты сынау үшін мектептегі білім беру мазмұнын да жаңарту қажет. Осы себепті жаңа жүйе қолданыстағы ҰБТ-мен қатар қанатқақты жоба түрінде енгізілмек. Ғылым және жоғары білім министрлігі, жаңа тест халықаралық стандарттарға сай болады деп отыр. Ол үшін Қазақстан АҚШ-тың ETS компаниясымен бірлесе жұмыс жүргізіп жатыр.

Олжас Беркінбаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі-ресми өкілі:

- Алдымен базалық талдау жасалып, кейін нақты қажеттіліктер анықталады. Одан соң сарапшылармен бағалау жүйесі бірлесіп жобаланады. Яғни шешімдер біржақты қабылданбай академиялық ортамен мүдделі тараптардың қатысуымен қалыптасатынын айту қажет. Тестілеудің мерзімі жиілігінің ұзақтығы сияқты негізгі параметрлер 2027 жылы 3-ші база кезеңінде қабылданады.

Жауаптылар бұл тестті таңдаушылар саны белгілі бір деңгейге жетсе, онда қазіргі формат қолданыстан біртіндеп шығарылады, - дейді. Ал алғашқы сынақ нұсқасы алдағы жылдары пилоттық режимде ғана іске қосылады. Әуелі осыған дейін елімізде ашылған шетелдік жоғары білім ошақтарына түсетін талапкерлерге ұсынылады. 

Наужан Дидарбекова, Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары:

- 2028 жылы шетелдік ЖОО-ға түсетін түлектер үшін осы емтихан пилоттық жоба режимінде қолданылатын болады. Зерттеу жұмыстары жүргізіліп болғаннан кейін формат мәселесі анықталады. Бұл емтиханның құрылымы қандай болады? Ол қалай бағаланады? Ол кімдерге қолданылады?

Жаңа сынақта болашақ студенттердің білімі ғана емес, психологиялық ерекшеліктері, сындарлы ойлау қабілеті, дағды-машыққа бейімделу әлеуеті бағамдалады. Заман ағымынан қалмау қажет. Өйткені еңбек нарығы да күн санап өзгеріп жатыр.

Наужан Дидарбекова, Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары:

- ҰБТ менен жаңа емтихан АИТ деп аталады. Жоба атауы екеуінің арасындағы өзгешелікті атап өтетін болсақ, аталған емтиханның басты мақсаты бұл ЖОО-на түсу барысында бейіндік пәндер бойынша дайындығы, сонымен қатар дағдыларды анықтауға бағытталатын болады. Қазір еңбек нарығында көп дағды қажет етеді. Мысалы, ЖИ-ға байланысты цифрлық сауттылықты қажет етеді. Қазір барлық зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Ал биыл Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз қалады. Бұған жауапты ведомство осылай жеткізді. Бұрынғыша талапкерлер 3 міндетті және таңдауы бойынша 2 бейіндік пәннен сынақ тапсырады. Ең жоғары балл да өзгермейді. Ол 140 балды құрайды. Қысқасы, қазіргі ҰБТ бірден жойылмайды, ол жаңа жүйе толық енгізіліп, қабылданғанға дейін кезең-кезеңімен қолданыста бола береді.

ҰБТ тапсырмаларының саны – 120

«Қазақстан тарихы» пәні бойынша – 20

«Оқу сауаттылығы» – 10

«Математикалық сауаттылық» – 10

2 бейіндік пәннің әрқайсысынан – 40  

Авторы: Айнұр Қуатқызы