Алматы облысында 125 нысан шомылу маусымына дайын

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов бірқатарының әзірлігін арнайы тексерді.

Аида Балаева қауіпсіздік мәселесін қатаң сақтап, демалушыларға жайлы жағдай жасаудың маңызын атап өтті. «Таза Қазақстан» идеологиясы тек сөз күйінде емес, нақты іс жүзінде көрініс табуы тиіс. Ал тәртіп бұзушыларға «Заң және тәртіп» қағидасы аясында тиісті шара қолданылмақ. 

Алматы облысы – елдегі туристік әлеуеті зор өңір. Былтыр демалушылар қатары 30 пайызға артты. Аймаққа жұмыс сапарымен келген делегация алдымен Қонаев қаласындағы коммуналдық жағажайлар мен ASP Arenа көпфункционалды кешенін аралады. Мұнда санитариялық дайындық, қауіпсіздік шаралары, құтқару қызметтерінің әзірлігі паш етілді. Әсіресе судағы қауіпсіздік, азық-түлік сапасы мен  қоғамдық тәртіпті сақтауға назар аударылды. Аида Балаева нысандардың дайындығын қазірден қамтамасыз етудің маңызына тоқталды.

Дәурен Оразбеков, Алматы облысы ТЖД бастығы:

- Суға шомылу мауысымы басталғанда бізде 11 патрульдік қызметкерлер шығады. Осы жерде қызмет атқарады. Бізде бүгінгі таңда үш катеріміз, екі гидросткутеріміз, негізі 19 әртүрлі санаттағы қайықтарымыз бар. 2025 жылы 101 ерікті үйретілді, лицензия алды. Енді олар мысалы, мына жерде 125-тен астам демалыс орындары бар, сол демалыс орындарында қызмет атқарады. Суға шомылу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Кездесуде көлік логистикасы, автотұрақ жайы мен демалыс орындарында көлік ағынын реттеу мәселесі де көтерілді. Ал тәртіпті елемегендерге «Заң және тәртіп» қағидасы аясында қатаң шара қолданылады. Аида Балаева «Таза Қазақстан» бастамасы жай ғана ұран  емес, нақты іс жүзінде көрініс табуы керектігін айтты. Бұл ретте демалушылардың да мәдениетін арттырған жөн. Жұмыс сапары барысында Премьер-министрдің орынбасары жеке меншік демалыс орындарын тексерді. Аида Балаева кәсіп иелерін салғырттық танытпауға шақырды. Аталған талаптардың қатаң сақталуын әкімдік өз бақылауына алып, ескертулер жіберуге міндетті. Ал Туризм және спорт министріне жеке компаниялардың жауапкершілігін реттейтін құқықтық тетіктер әзірлеу тапсырылды.

Асхат Бердіханов, Қонаев қаласының әкімі:

- Қазіргі уақытта бізде 182 кәсіпкер дайындық жұмыстарын бастады. 1 маусымға дейін, науқан басталғанға дейін барлық жерде 100% дайын боламыз деп ойлаймын. Енді мемлекеттік мекемелерге жататын жағағайды алатын болсақ, бесінші жағажайда стационарлық медициналық пункт бар. Ол 2 жерде орналасқан. Ол жағажайда бізде негізі жоба бойынша 12 құтқарушы, 2 ауысымда 24 адам жұмыс жасайды. Оны биыл 30-ға дейін көбейтетін болдық.

Премьер-министрдің орынбасары санитарлық бақылауды күшейтіп, инфрақұрылым мен қауіпсіздік қызметтерінің әзірлігін ширатуды жүктеді. Халықпен түсіндіру жұмыстарын жандандырып, демалыс орындарын жүйелі бақылау керектігін айтты. Сонымен қатар еңбек құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылды. 

Авторлары: Назерке Тоқжан, Гүлім Советхан