Қазақстандықтарды алдап келген телефон алаяқтары Украинада қолға түсті

Ұзақ уақыт бойы жалған қаржылық компания қызметкерлері ретінде әрекет етіп келген ірі қылмыстық топты кімдер құрықтады? Олардың жазасы қандай болмақ? 

Интернет қаскөйлерінің құрбандары азаймай тұр. Қазақстандықтарды алдап келген телефон алаяқтары Украинада қолға түсті. Әдетте әккілер бір елдің, бір аумақтың тұрғындарын алдап жатушы еді. Бұл жолы олардың тұзағына күллі Еуропа одағы елдерінің азаматтары түсіп қалған. Шекараның арғы бетінде отырып-ақ айласын асырғандардың жазасы қандай болады? Желіде жинағаныңыздан қағылып, сан соғып қалмас үшін нені білгеніңіз жөн? 

Әңгіме жүздеген ықтимал жәбірленуші туралы болып отыр. Қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы жалған қаржылық компания қызметкерлері ретінде әрекет еткен. Азаматтарды жалған уәдемен иландырып, жеке деректеріне, банк шоттарына және цифрлық активтеріне қол жеткізген. Кейін сол қаражатты емін-еркін иемденіп отырған. Тек бұл ғана емес, сыйлық салынған сәлемдеме секілді «романтикалық» схемаларды да қатар жүргізіпті. 

Жандос Сүйінбай, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы: 

- 31 наурызда Днепр қаласында жүйелі түрде Қазақстан, Украина және ЕО елдерінің азаматтарына қатысты интернет алаяқтық жасаған үш Call-орталықтың қызметі тоқтатылды. Қылмыстық ұйымның ұзақ уақыт бойы жалған инвестициялық компания қызметкері ретінде әрекет еткені анықталды.

Арнайы операцияны Қазақстан мен Украинаның күш құрылымдары бірлесіп атқарды. Днепр қаласында бір мезетте 40 мекенжай бойынша тінту жүргізілді. Нәтижесінде 53 Украина азаматы ұсталды, олардың ішінде 8 негізгі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Көп асауды көздегендерден тәркіленген дүние аз емес. 100 мың АҚШ доллары, 90 дана компьютерлік техника, 125 смартфон, 6 элиталық автокөлік. 

Осы жолғы операция да бір нәрсені анық көрсетті: цифрлық алаяқтық шекара танымайды. Бірақ оған қарсы күрес те енді бір елдің ғана шеңберінде қалмайды. Әккілердің әрекеті жаһан жұртын алаңдатып қойғаны анық. Қаржылық тұзаққа түсіп қалмас үшін қарапайым ережелер бар. Сізде қаперде ұстай жүріңіз! Жеке деректерді, банк картасының нөмірін, құпия кодтар мен парольдерді ешкімге жария етпеңіз. Белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жасамаңыз. Қолыңыздағы мына ұялы телефонға күмәнді, белгісіз қосымшаларды орнатпаңыз.

Әрбір азамат саналы әрі сақ болса ғана бұл қылмыстың азаюына ықпал ете аламыз. Сақтық – қауіпсіздіктің кепілі!