Ақтөбе облысы әкімдігіндегі өрт: оқиғаның алдын ала себебі айтылды

Ақтөбе облысы әкімдігі ғимаратының шатырынан шыққан өрттің алдын ала себебі айтылды. Төтенше жағдай қызметі мамандарының болжауынша, электр желісінің қысқа тұйықталуынан болуы мүмкін.

Қазір қылмыстық іс тіркеліп, арнайы комиссия  нақты себебін анықтап жатыр. Ғимараттың техникалық жағдайын бағалау үшін сарапшылар тартылған.  Әкімдік қызметкерлері түске дейін онлайн жұмыс істеді. Түстен кейін қалыпты режимге көшеді. Ғимарат соңғы рет 2022 жылы жөнделген. Ал екі жыл бұрын өрт қауіпсіздігі тексеріліп, төтенше жағдай кезіндегі іс-әрекеттерді пысықтайтын оқу-жаттығу жүргізілді.

Айбат Жаңабергенов, облыстық ТЖД бастығының бірінші орынбасары:

- Әкімдік ғимаратының шатыры ағаш жабындылармен жабылған. Болжам бойынша қазір өрттің шығу себебі қысқа тұйықталу деп есептеп отырмыз. Токтардан ақау кетуі. Сол себепті мына тоқ көздерінің, астындағы кабельдердің басқа да жануы себеп болуы мүмкін. Қазіргі уақытта біздің анықтаушыларымыз жұмыс істеп жатыр. Полиция департаментінен, біздің төтенше жағдайлар департаментінен барлығын анықтағаннан кейін қосымша шығынын және өрттің нақты неден болғанын айтатын боламыз.

Әлібек Байнешов, облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы:

- Алтыншы қабатта ғана су өтіп, бүлінген кабинеттер бар. Басқа кабинеттердің барлығы таза. Жұмыс жалғастыруға мүмкіндік бар. Енді бұл жерде бір нәрсе онлайнға неге жібердік? Кеше төтенше жағдай болған кезде электр қуаты өшірілді. Сондықтан да түстен бастап барлығы қайта жұмысқа кіріседі.