Қаңғыбас иттен қауіп көп

Қазақстанда бір жылда 41 мыңнан аса адамды ит қапқан. Олардың тең жартысы көшедегі қараусыз, иесіз жүрген салпаң құлақтылардан зардап шеккендер.

Қарашаны алаңдатқан бұл мәселе бүгін мәжіліс қабырғасында қызу талқыға түсті. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын депуттардың бірі қолдаса, енді бірі түбегейлі қарсы. Халық қалаулылары нендей өзгеріс ұсынып отыр?

Антонина бүгінде үй маңында алаңсыз жүруді ұмытты. 3 ай бұрын қаңғыбас иттердің тобыры шабуыл жасап, жарақат алды. Қол-аяғын тістеген. Бірден ауруханада ем қабылдап, арнайы екпе де салдырыпты. Қазір көшеде салпаңқұлақтыларды көріп қалса, бірден қорқып шығады дейді анасы.

Любовь Тюклина, қала тұрғыны:

- Қызымның сол жақ аяғын қатты тістеген. Қолының астына да зақым келген. Жарақаттары толық кеткен жоқ. Әлі көгеріп іздері тұр. Үстінде күртешесі болған, соған қарамастан иттердің тісі өтіп кеткен. Бұл енді өте қорқынышты. Осы маңдағы 3 ер адам қызымның дауысын естіп, құтқарып қалыпты. Мен өзім ғана емес, осы маңдағы барлық бала үшін алаңдаймын. Себебі мектеп маңында иттер қаптап жүреді.

Бұралқы иттер батыстағылардың да берекесін алып тұр. Жыл басталғалы 600 мыңға жуық тұрғын зардап шеккен. Олардың қатарында кәмілетке толмағандар көп. Тіпті итке таланғандардың арасында мүгедек боп қалғандары да бар екен. Қарашаны қапаландырып отырған қауіпті қоғам белсенділері талай көтердік деп отыр. Алайда еш нәтиже болмапты.

Мұхтар Өтесов, қоғам белсендісі:

- Біз әкімдікке бәріне де айттық. Ешқандай нәтиже болған жоқ. Әкімдікке айтады, әкімдік ТҮКШ-ке айтады. Айналып келгенде мен де хабарласамын. Айтатын әңгімелері: «біз иттерді алып кетеміз, бірақ кейін қайта жібереміз», - дейді.

Қазақстанда қазір әр 1 сағат сайын 5 адамға ит шабуылдайды. Соңғы төрт жылда төбеттердің тірі жанға шабуылы 28%-ға өсіпті. Көрсеткіш алаңдатарлық деп отыр мәжілісмендер. Еділ Жаңбыршин өңірлердегі халықтың жанайқайын санамалап жеткізді. Депутаттың дерегінше, Түркістан, Өскемен, Орал, Көкшетау мен елорда іргесіндегі Қосшыда жағдай мәз емес. Оған себеп жүйенің әлсіздігі дейді. Қазіргі таңда мемлекет тиімсіз әрі қисынсыз тәсіл бойынша жұмыс істеп  жатқандығын алға тартты.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біз осы залда заң талқылап отырған сәтте, елдің бір жерінде - аулада, көшеде, мектептің маңында, балалар алаңында немесе аялдама жанында бір бала, әйел немесе қарт адам ит шабуылының құрбанына айналуы мүмкін. Бұл - эмоция емес. Бұл - құрғақ статистика. Сондықтан біз бүгін жай ғана жануарлар туралы заң қарап отырған жоқпыз. Біз бүгін адам қауіпсіздігі туралы, қоғамдық тәртіп туралы, мемлекеттің жауапкершілігі туралы, ең бастысы - адам өмірі мен денсаулығын қорғау туралы мәселені қарап отырмыз. Өңірлерде тұрғындармен кездескенде, ел бұралқы иттердің мәселесін шешуді бізге аманаттады.

Мінберде сөз алған мәжілісмен жануарларды қайтарымсыз аулау моделін ұсынып отыр. Оған сәйкес көшеде ұсталған бұралқы иттер қайта табиғи ортаға жіберілмейді. Кемінде 5 күннен 60 күнге дейін арнайы орындарда ұсталады. Одан әрі жаңа иелеріне табысталу қарастырылған.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұған дейін қожайыны бар ит адамға, оның мүлкіне зиян келтірсе, қожайын жауап береді деген нормамен келдік. Орташа ауыр зиян келтірсе, оны эвтаназия жасау керек. Қазір біз осы нормаға байланысты жаңа норма ұсындық. Егер жаңа айтқан жағдай туындаса жеке тұлған 100 АЕК, лауазымды тұлға 200 АЕК, заңды тұлғаға 300 АЕК көрсеткіш қарастырады.

Жануарларға қатыгездік көрсеткендерге де әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтіледі. Жаңа заңда 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр. Бастаманы мәжілістегілер үкіметке жолдапты. Құжат қабылданса, қоғамдық тәртіп, һәм мемлекеттің жауапкершілігі нақтыланады. Қарашаның күткені де осы.

Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Марат Диханбаев