Өскеменде «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты өңірлік форум өтті

Өскеменде «AMANAT» партиясының бастамасымен «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты өңірлік форум өтті. 

Жиында көппәтерлі тұрғын үйлерге қатысты қордаланған мәселелерді шешу, тұрғындарға жайлы жағдай жасау бағытындағы бастамалар талқыланды. 

Мемлекет басшысы өз Жолдауында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын басқарудың жаңа моделін құру жөнінде тапсырма берген. Бұл ретте «AMANAT» партиясының бастамасымен «Тұрғындар Аманаты» жобасы іске қосылды. Оның басты мақсаты тұрғындарға жайлы, қауіпсіз және заманауи орта қалыптастыру. 

Ержан Жылқыбаев, «AMANAT» партиясының хатшысы:

- Біздің фракцияның депутаттары, мүшелері үлкен заңға өзгерістер енгізіп жүргізген болатын. Соның ішінде үш деңгейлі бюджет, жалпы ОСИ-ге өту, басқарушы компаниялардың жұмысы, сервистік компаниялар қалай жұмыс істейді - соның бәрін біз қазір сараладық. 

Шығыс Қазақстан облысында құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Былтыр өңірде 407 мың шаршы метр үй пайдалануға берілді. Өңірлік форумда мүлік иелері бірлестігі мен пәтер иелері кооперативінің жұмысын жүйелеп, тиімділігін арттыру жолдары қаралды. Жоба аясында төрағаларды оқыту, қалалық кеңестер құру, тұрғындармен кері байланысты күшейту жоспарланған. 

Серік Оразбайұлы, қоғам қайраткері:

- Президент осы мәселені көтеріп отыр. Баяғыдан күткенбіз. Біз оны жаңғыртуымыз керек. Өйткені көп өзгерістер болып жатыр. Заң шығарып жатыр. Алайда мына сол Заңды енді іске асыру керек.

Тұрғын үй қорын жаңғырту бағытында депутаттардың есеп беру кездесулері, атқару билік өкілдерімен бірлескен жұмыстар, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы абаттандыру және халық қатысатын бюджет тетіктерін кеңінен пайдалану қолға алынады. 

Өмірхан Қанағатов, Тарбағатай аудандық мәслихатының төрағасы:

- Негізгі ұсыныс мына тұрғын үйлердегі ПИК-тар, кондоминиумдер, жалпы тұрғындарды ұйымдастырып, еліміздегі жалпыұлттық «Таза Қазақстан» акциясын өткізіп жатыр. Сол «Таза Қазақстан» акциясына бүкіл тұрғындар болып қатыссақ.

«Бұл реформалар тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуы тиіс», - дейді жиналғандар. Осындай семинар кеңестер әр өңірде өтпек. Оның қорытындысы бойынша өзекті мәселелер сұрыпталып, республикалық жиында талқыланады.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Дмитрий Пыхтин, Нұрлан Ахметбаев