Онлайн саудада жаңа тәртіп орнайды

Қазақстандық маркетплейстер әділетсіздіктің құрбаны болып отыр. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев осылай деп дабыл қақты.

Оның айтуынша, қазақстандық платформалар шетелдік сауда нысандарына қарағанда он есе көп шығын шегіп келеді. Ал сырттан келген алпауыттар нарықтағы жағдайды тиімді пайдаланып, отандық маркетплейтсерді ығыстыруға көшкен. 

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Бүгінде маркетплейссіз өмірімізді елестету қиын. Мұнда не қажеттің бәрі бар. Қалаған затыңыз аз күнде қолыңызға тиеді. Тіпті тауардың қалай жеткізілгенін бақылап отырасыз. Алайда осындай ыңғайлы қызмет ұсынатын отандық платформалар нарықтан жоғалып кетуі әбден мүмкін. Қалайша? 

Мәселені мәжіліс депутаты Азат Перуашев көтерді. Оның сөзінше, отандық маркетплейстер шетелдік платформалармен тайталаса алмай отыр. «Бұған салық жүктемесі әсер етіп отыр», - дейді. 

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

- Олардың бюджетімізге қосатын үлесі шетелдік маркетплейстерден гөрі кемінде 10-12 есе көп. Бұл цифрлар деген жай салыстырма үшін емес, бұл шынын айтсақ әділетсіз, тең емес бәсекелестіктің көрсеткіші. 

Депутат бұл қазақстандық маркетплейстерде саудаланатын тауар құнының жоғары болуына әсер етеді. «Жүктемесі аз шетелдік платформалардағы баға төмен болуының себебі осы», - деді. Саясаткер сөзін экономист Бекнұр Қисықов та қолдады.

Бекнұр Қисықов, экономист:

- Бұл жерде мен депутат Азат Перуашевпен бір жағынан келісем. Себебі оны бір реттеу керек. Яғни бір дәрежеге келтіріп, бір қағида болуы керек пе, ереже болуы керек пе. Сондай бірнәрсе құрастыру керек. Алайда шетелдік маркетплейс болғаны екінші жағынан жақсы. Себебі олармен бәсекелестік өте жоғары. 

Яғни таяқтың екі ұшы бар. Ішкі нарықты қорғаймыз деп шектен шығуға болмайды. Сыртқы бәсекелестер отандық сауда платформаларын үнемі дамуға, бағаны мүмкіндігінше төмен ұстауға итермелейді. Дегемен жауапты министрлік сырттан келетін онлайн сауда нысандарына талап күшейтіліп жатқанын жеткізді. 

Тойгүл Жұбанисова, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі:

- Салықтық талаптар бойынша кез келген шетелдік маркетплейстер Қазақстанда тіркеуден өтуі қажет. Сонымен қатар белгіленген салықтық төлемдерді уақытылы орындамаған жағдайда бұрынғыдай қазақша айтқан кезде кеңшілік болмайды. Енді қандай да бір салықты уақытылы төлемеген жағдайда құзыретті орган, яғни цифрлық даму министрлігіне сол туралы ақпарат жолданады да, Қазақстан аумағында осы маркетплейске қолжетімділік алынып тасталады. 

Сонымен қатар тұтынушылардың құқығын қорғауға бағытталған өзгерістер де бар. Осылайша, шетелдік ойыншылардың ел нарығында еркінсуіне тоқтау салынбақ. «Алайда бұл салада атқарылатын жұмыс әлі көп», - дейді сарапшылар. 

Авторлары: Серік селеубайұлы, Берік Шарав, Санжар Біргебаев