Астанада Freedom Inside халықаралық форумы өтті 

Тәуелсіздік сарайында ұйымдастырылған ауқымды жиында әлемдік деңгейдегі жобалар таныстырылып, Freedom холдингінің амбициялы жоспарлары жария етілді.

Бүгінде әлемнің 21 елінде жұмыс істейтін компания 11 миллионнан астам клиентке қызмет көрсетіп, нарықтағы позициясын күшейтіп келеді. 

Елордадағы Тәуелсіздік сарайы бүгін жасыл түске боянды. Freedom Inside халықаралық форумы барысында мұнда келушілердің назарына түрлі технологиялық жобалар ұсынылып, жаңашылдықтар көрсетілді. Ауқымды шараға қызығушылық танытқандардың қарасы қалың. Сахна төріне де танымал тұлғалар жиналды. Атап айтқанда, Димаш Құдайберген, алпауыт компаниялардың топ-менеджерлері мен Тимур Турлов та жаңалықтарымен бөлісті.

Бұл тұрғыда айтар жаңалық көп. Freedom холдингі бүгінде құны 12,5 млрд доллар болатын активтерді басқарады. Әлемнің 21 елінде жұмыс істеп, 11 млн-нан астам клиентке өз қызметін ұсынып отыр. Компанияның нарықтық капитализациясы 9,5 млрд доллардан асады.

Тимур Турлов, Freedom Holding Corp. негізін қалаушы және басшысы:

- Біз нарыққа Freedom атты инвестициялық валютамызды ұсындық. Бұл – менің негізгі идеяларымның бірі. Біз оны соңғы жылдары банк командасымен бірге жүзеге асырдық. Енді сіздер әрбір кешбэк алған сайын, біздің акционерімізге айналасыз.

Сондай-ақ компания қаржылық және цифрлық қызметтерді де бір жүйеге біріктірген. Яғни клиенттер қарапайым ақша аудару, төлем жасаудан бөлек, онлайн қызметтер мен маркетплейстерді де пайдалана алады.

Азамат Керімбаев, «Freedom Finance Insurance» АҚ басқарма төрағасы:

- Біздің форумның негізгі мақсаты жетістіктеріміз туралы және болашақ жоспарларымыз жөнінде толық ақпарат беру. Жоспарларымыз ауқымды әрі амбицияға толы. Біз өнімдерімізді экспорттап, түрлі елдердің нарығына шығуды көздеп отырмыз. Сондықтан инвесторларымыз үшін холдингтің қай бағытта дамып жатқанын білу қызықты болады деп ойлаймын.

Холдингтің көздеген мақсаты айқын. Ол өз өнімдерінің ауқымын әрі қарай да кеңейте түсу. Компания өкілдерінің айтуынша, қазіргі жетістіктер бұл тек бастамасы ғана. Демек қыруар жұмыс әлі алда тұр.

Авторлары: Риат Шони, Қанат Махмудов