Қостанайда құрама жем шығаратын зауыт салынды

Қостанайда құрама жем шығаратын зауыт салынды. Кәсіпорынның ерекшелігі, өндіріс отандық ғылымның жетістіктеріне негізделген. 

Яғни қазақстандық ғалымдардың еңбегі негізінде үй жануарларының азығы өндіріледі. Зауытта ит-мысық, құс пен балыққа арналған азықтың бірнеше түрі шығарылады. Отандық ғалымдар әзірлеген табиғи қоспалары бар түйіршік түріндегі құрама жемнің құнарлылығы жоғары. Өнім Ақмола облысының Родина шаруашылығында сынақтан өткен. Нәтижесі кәнігі мамандарды да таңқалдырды. Сүт өнімділігі 18 пайызға артқан. 

Юрий Балджи, ветеринарлық санитария кафедрасының профессоры:

- Азығымыздың басты ерекшелігі, ақуызы жоғары спирт және малдың қаны, сүйек, ет қалдықтары қосылған. Бұл құрама жемнің құнарлылығын арттырады. Сондай-ақ фитогеника, фитобиотикпен, яғни өсімдіктерден алынған құрамында белсенді заттары бар табиғи қоспалармен байытылады. Ол жануарлардың иммунитетін нығайтады.

Елімізде құрама жем шығаратын кәсіпорындар некен-саяқ. Балық азығын өндірушілер тіптен жоқтың қасы. Сондықтан жоба жетекшілері сұраныстан кенде болмайтындарына сенімді. Қазірдің өзінде Қазақстанды айтпағанда Ресей, Қырғызстаннан тапсырыс беріп жатқандар бар. Зауыт күніне 50 тонна өнім шығарады. Оның өзі аздық етуі мүмкін.

Азамат Шалмағамбетов, құрама жем зауытының директоры:

- Бұл жерді тәжірибелі аумақ десе болады. Кейін өндірісті кеңейтпек ойымыз бар. Ғалымдардың әзірлемесі дайын, тапсырыс берушілер бар. Техникалық-экономикалық есебіміз бойынша, біздің өнімнің құны нарықтағы бағадан біршама төмен болады. Бір жағынан бұл зауыттың экологиялық маңызы бар. Әдетте далаға тасталатын малдың сүйек, қан, терісін кәдеге жарататын боламыз.

Замануи құралдармен жабықталған зауыт жабық циклді қалдықсыз өндіріс  санатына жатады. Үлкен қысыммен 130-160 градус температурада баротермиялық өңдеу арқылы қоректік заттардың сіңімділігі 90-95 пайызға жеткізіледі. Өңірдің агроөнеркәсіп кешеніндегі үлкен серпіліс деп бағаланған жобаның құны 900 миллион теңге. Бастапқы кезде балық пен құс азығы шығарылады. «Жыл аяғына таман зауыт толық қуатына көшеді», - дейді кәсіпорын басшысы.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров