Түркия төріндегі қазақ саябағы – достықтың нақты көрінісі

Ел Тәуелсіздігінің 35 жылында Қазақстан мен Түркия арасындағы достық нығайып, стратегиялық әріптестік тереңдей түсті. Кейінгі жылдары екі елде де қос халықтың тарихи сабақтастығы мен рухани жақындығын айқындайтын маңызды орындар ашылып жатыр.

Анкарада қазақтың ұлттық болмысын дәріптейтін мәдени нысандар көптеп бой көтерген. Соның бір дәлелі – осыдан тура 3 жыл бұрын ашылған Түркия-Қазақстан достық саябағы. 

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Тәуелсіздіктің 35 жылында Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыс бауырластық деңгейінен стратегиялық әріптестік биігіне көтерілді. Саяси диалог нығайып, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық аясы кеңейді. Бұл жақындықты сөзбен ғана емес, нақты іспен көрсетіп келе жатқан Түркия қазақ халқының тарихи тұлғалары мен рухани мұрасына айрықша құрмет танытып отыр. Соның бір дәлелі – Анкараның Мамак ауданындағы Түркия-Қазақстан достық саябағы. Бұл – қос халықтың ортақ тарихын ұлықтап, ұрпақтар сабақтастығын жалғаған ерекше рухани мекен. Мұнда Абайдың асыл мұрасы мен көне түркі дәуірінен жеткен жәдігерлер тоғысқан. Қазақ жерінен мыңдаған шақырым қашықтықта орналасқанымен, бұл орыннан ұлтымыздың болмысын, түркі жұртына ортақ тарихымызды тануға болады. Дәл қазір менің жанымда осы саябақ орналасқан Мамак аудандық әкімдігінің өкілі Бирол Темур тұр.

- Бирол мырза, сәлеметсіз бе! Бұл саябақ – Қазақстан мен Түркия арасындағы достықтың нақты көрінісі. Оның бой көтеруіне қандай бастама түрткі болды? Саябақты салудағы басты мақсат қандай еді?

Бирол Темур, Мамак әкімдігінің өкілі:

- Бұл саябақтың жобасы 2023 жылы сол кездегі Мамак муниципалитетінің әкімі Мұрат Көсенің бастамасымен қолға алынды. Қазақстанның мәдениеті мен тарихын Түркия жұртшылығына таныстыру, екі бауырлас халықтың байланысын нығайту мақсатында жүзеге асырылды. Сол жылы пайдалануға берілді. Ал ашылу рәсіміне сол кездегі провинция басшылығы, Қазақстанның Түркиядағы елшілігі, сондай-ақ Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы да қатысты. Қазір бұл саябақ жергілікті тұрғындар ғана емес, қазақстандықтардың бірге уақыт өткізетін алаңына айналды.

Саябақтың жалпы аумағы 13 мың 896 шаршы метр. Мұнда тұрғындардың демалуына, спортпен шұғылданып, серуендеуіне жағдай жасалған. Алайда саябақтың басты құндылығы оның тарихи-мәдени мазмұнында. Аумағында қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының бюсті бой көтерген. Сонымен қатар түркі өркениетінің баға жетпес мұрасы Күлтегін, Білге қаған мен Тоныкөк жазбаларының ескерткіштері қойылған. Демек, бұл жер жай ғана демалыс орны емес, тарихи жадыны жаңғыртып, мәдени байланысты бекемдейтін маңызды алаң.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Алыстағы ағайынның қазақтың ұлы тұлғаларын ұлықтап, рухани мұрасын төрге оздыруы елге көрсетілген құрметтің белгісі. Өйткені елдер арасындағы достық саяси келісіммен ғана өлшенбейді. Ол ортақ тарихты қадірлеу, мәдениетті құрметтеу мен келер ұрпаққа ортақ құндылықты аманаттау арқылы нығаяды. Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында мұндай рухани байланыстың мәні тіпті арта түседі. Себебі Қазақтың тарихы мен мәдениетінің өз топырағында ғана емес, шетелдегі бауырлас жұрттың да жадында  жаңғыруы – еліміздің мерейі.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева

Сондай-ақ оқыңыз: