Жетісу облысында 300 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Жетісу облысының Панфилов ауданында 7 мыңнан аса көшет егілді. Жыл соңына дейін тағы 5 мың ағаш егу жоспарда бар.

Шекаралы аймақта елді мекендерді абаттандырумен қатар сенбілік өтті. Тазалық жұмыстарының нәтижесінде ауылдардан 300 тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылды. Экологиялық шаралар туристер жиі баратын орындарды да қамтыды. Әулиеағаш ауылының тұрғындары жеті ғасырлық тарихы бар «Киелі ағаш» аумағын тазалап, айналасын ретке келтірді.

Жаңылхан Сүйіндікова, Әулиеағаш ауылының тұрғыны:

- Ауылдың тазалығын сақтауға міндеттіміз. Енді бар күшімізді салып, халық болып, ауылды көркейтеміз. Келешек ұрпақ та осылай таза ұстайды деп ойлаймын.

Дидар Ешенов, Панфилов ауданы әкімінің орынбасары:

- Биыл «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде 12800 көшет отырғызу жұмыстары жүргізіледі. Жаркент қаласының батыс бөлігінде орналасқан саябақтың жобалық сметалық құжаттарын аяқтап құрылыс жұмыстарын бастап аяқтау жоспарланып отыр.