Қонаевта жаңа экосаябақ ашылды
Қонаев қаласында «Барыс» экосаябағы ашылды.
Аумағы 10 гектарды алып жатқан жаңа нысан енді тек жасыл желекке оранған аймақ емес, тұрғындар үшін жайлы демалыс кеңістігіне айналмақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама өңірде экосаябақтар желісін қалыптастырудың алғашқы қадамы.
Биыл Алматы облысында 220 мың түп ағаш егу жоспарланған. Соның бес мыңы дәл осы «Барыс» экосаябағында егілмек. Бүгін өңір басшысының бастамасымен өткен сенбілікке 30 мыңға жуық адам қатысып, парк аумағында алғашқы 200 көшет егілді.
Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:
- 10 гектар жер бөлінді, осы жерде біздің климатқа, жерімізге лайықты ағаштар егілетін болады. Бір жағынан қаланың көркі, екінші жағынан қала тұрғындарының, туристердің қыдыратын жері болады деп сенімдіміз. Мемлекет басшынысың бастамасымен 2 млрд ағаш егу жоспарланып тұр. Соның көбісі Алматы облысында деп жоспарлап тұрмыз.
Жаңа саябақ – өңірде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ауқымды жобаның бір бөлігі. Алдағы уақытта көшпенділер қалашығы маңында «Кочевник» экосаябағын ашу жоспарланып отыр. Онда тағы 500 түп ағаш егіледі. Жыл соңына дейін экопарктер толық абаттандырылады, жаяу жүргіншілер жолдары салынып, заманауи жарықтандыру жүйесі орнатылады.
Дулат Набиев, экобелсенді:
- Біздің бәріміздің басымызды қосып отырған «Таза Қазақстан» акциясы, Мемлекет басшысының Жолдауы. Енді бүгін барлық қызметкерлер, облыс тұрғындары, Қонаев қаласының тұрғындары бас қосып, ағаш отырғызу рәсіміне кірісіп жатырмыз. Білесіздер барлығыңыз ағаш отырғызу қаншалықты еліміз үшін, жеріміз үшін, табиғатымыз үшін маңызды екенін білесіздер.
Мамандардың айтуынша, егілген ағаштардың барлығы жергілікті климатқа бейімделген, төзімді түрлер. Көшеттер өңірдегі орман шаруашылықтарында өсірілген.
Авторлары: Гүлім Советқан, Аманжол Жөнкешов