Астанадағы тұрғын үйден шыққан өрттің себебі анықталып жатыр
Елордада тұрғын үй өртеніп, үш баланың өмірін қиды.
Құтқарушылар оқиға орнында әйелдің ғана аман қалғанын көріп, қызыл жалын ішінен сыртқа шығарып үлгерді. Қазір оның жағдайы ауыр. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Қылмыстық іс қозғалды.
Қайғылы оқиға түнгі сағат бір жарым шамасында болды. Өрт Түркістан көшесі, 14А мекенжайында орналасқан тұрғын үй кешенінің 15-қабатындағы пәтерден шыққан. Қызыл жалынды көрген көршілер бірден өрт сөндірушілерді шақырды. Куәгерлер құтқарушылар келмей тұрып-ақ есікті өз күштерімен бұзып, ішіндегі адамдарға көмектесуге мейлінше тырысқанын айтты. Алайда бейнекамера алдында сөйлеуден бас тартты. Құтқарушылардың сөзіне сүйенсек, өрт ошағына жету оңайға соқпаған. Аулаға кіреберіс темір қақпамен жабулы болған. Үйге өтетін жолды тұрақта тұрған көліктер де бөгеген. Бұл кедергілер жұмысты біршама қиындатқан.
Өміржан Тұқышев, қалалық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:
- ТЖМ күштері мен құралдары оқиға орнына жедел жетті. Алғашқы бөлімшелер келген кезде пәтердің бүкіл аумағы ашық жалынмен жанғаны анықталды. Пәтердің темір есігі екі құлыппен жабық болған. Оны құтқарушылар арнайы құралмен бұзып ашты.
Өрт сөндірушілер 39 жастағы әйелді құтқарды. Ол күйік жарақатымен №1 көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізілді. Өкінішке қарай кәмелетке толмаған үш бала оқиға орнында көз жұмды. Тілсіз жаудың шығу себебін полиция анықтауға кірісіп кетті. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.
Марат Сабыров, №1 көпбейінді қалалық аурухананың травматолог дәрігері:
- Денесінің 50–55%-ын термиялық күйік шалған. Екінші, үшінші AБ дәрежелі күйік, термоингаляциялық зақымдану, 2-3 дәрежелі күйік шогы бар. Науқас палатаға жеткізіліп, травматолог, реаниматолог, ЛОР дәрігері және токсиколог қарауынан өтті. Тексеруден кейін ол жансақтау бөліміне жатқызылды.
Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккен әйелдің жағдайы ауыр. Оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Есіл ауданы әкімдігінің мәліметінше, қаза болғандардың отбасына қолдау көрсетіліп, жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмек беріледі. Сондай-ақ демеушілер есебінен кіреберіс пен 15-ші қабат жөнделеді. Тұрғындар, көптеген пәтерде түтін датчиктері жұмыс істемейтінін айтады. Қауіпсіздік жүйелері неге істен шықты және оған кім жауап береді? Бұл сауал әзірге ашық күйінде қалып отыр.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Әлішер Әшімов, Марат Диқанбаев