«Жайық-Каспий» бассейнінде бекіре азайып барады

Қорытпа және пілмай балығы кейінгі 3 жылда тіпті көзге түспеген.

Атыраудағы бекіре тұқымдас балықты қолдан өсіретін мемлекеттік кәсіпорын 30 жылдан бері шабақтарды қолдан өсіреді. Биыл мемлекет қолдауымен зауытты қайта жаңғырту жұмысы басталды. Құрылысқа 1,2 млрд теңге жұмсалады. Жаңғыртудан өткеннен кейін, жылына 5 млн дана шабақ өсіретін кәсіпорынның қуаты 1,5 есеге артады. 

5 жыл бұрын  зауыт  балықшылары салмағы 150 келі, ұзындығы 2,44 метр болатын  қорытпа балығын аулап алды. Бекіре тұқымдастарына жататын  бұл балықтың аналығы сирек кездеседі. Сондықтан соңғы  екі жылда қортпаның  шабағын  көбейте  алмай отыр. Бұрын алып балықтың  30 келі уылдырғынан 600 мыңнан астам шабақ алатын.   Өкінішке қарай соңғы жылдары тұқым беретін бекіре азайып кеткен.

Биылғы көктемгі маусымда балықшылардың ауына 4 дана шоқыр балығының аналығы ілінген. Олар тұқым беруге дайын дейді мамандар. Алайда, қорытпа балығы биыл да болмайтын сияқты.

Тілші: Биылғы балық аулау маусымы наурыз айының ортасында басталды. Бірақ әзірге нәтиже көңіл көншітпейді, балық аз. Зауыт мамандары қолда бар 1 мыңнан астам аталық және аналық балықтан тұқым алуды жоспарлап отыр.

Жұпар Өтеулиева, зауыттың бас балық өсірушісі:

- Жалпы каспийлік бекіре тұқымдас балықтардың 5 түрі болса, ол 5 түрінен аналық балықтар, аталық балықтар бар. Бірақ биылғы жылға жетіліп тұрған аналық балықтарымыз 5 млн дана шабақ шығаруға жетпегенімен табиғи ортадан аулап жатырмыз.

Амангелді Ахтанов, Балық шаруашылығы инспекциясының ихтиологы:

- Қазіргі таңда 10 дана бекіре тұқымдас балық шықты. 3 жылдай болды қорытпа балығы қазір Жайық өзеніне кірмейді. Қазір жоқ.   Пілмайдың жағдайы 10 жылдай болды кездеспейді. Жайыққа кірмейді. Тұқымымен жоқ болып кетті.

Осыған орай мемлекеттік бағдарлама жасақталып, бекіре тұқымдас балықтарды қолдан өсіретін зауытты  жаңғыртуға 1 млрд 200 млн теңге қаражат бөлінді.  Негізгі құрылыс жұмысы аяқталуға жақын. . Жоба толық жүзеге асқанда  қуаты 1,5 есеге артып, жылына 7 млн дана бекіре шабағын өсіреді. 

Шынболат Рахметов, мердігер мекеменің өкілі:

- 3 су бассейні тұрады. Оның әрқайсысы 30 кубтан 3-уі тұрады. 3 кішкентай 2 кубтық бассейн болады. Қазір күтіп отырмыз, осы келесі апта келіп қалуы мүмүкін. Бұрын тұрбалары темір болған, соны пластикке ауыстырып жатырмыз.

Өңірде  5 жылдан бері  жалпы құны 4 млрд 700 млн теңгеден асатын 5 жоба жасалды.  Келешекте тағы 3 жоба жүзеге асуы тиіс. Бекіре тұқымдастар мен басқа да балық түрлерін жабық бассейндер мен шарбақты тоғандарда өсірген шаруашылықтар былтыр 373 тонна балық шығарды. Ал  2030 жылға дейін қолдан өсірілетін балық көлемін 739 тоннаға жеткізу көзделген, - дейді мамандар.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин