Түйе сүті экспортталады

Қызылорда облысында түйе сүтін өндіру көлемі артып келеді. Былтыр 6 мың тоннаға жуық шұбат дайындалды.

Бұл көрсеткіш еселеп артуы мүмкін. Себебі өңірде ұнтақ түріндегі түйе сүтін өндіретін зауыт салынып жатыр. Оның өнімі шетелге экспортталады. Мамандар аталған жоба аясында жергілікті тұрғындардың да табысы артады деп отыр. Сыр өңірінде түйе түлігінің саны 63 мыңға жуықтады. Әсіресе жантағы мен жусаны мол Арал, Қазалы аудандары - Ойсылқара тұқымын өсіруге өте қолайлы. Әйтеке би кентінің тұрғыны Үміткүл Тәженова - осы кәсіптің қыр-сырын меңгерген жандардың бірі. Оның қорасындағы кейбір нарлар бір сауғанда 5 литрге дейін сүт береді.

Үміткүл Тәженова, Әйтеке би кентінің тұрғыны:

- Қыстай жем береміз, шөп береміз, түйе сауамыз. Жазда далаға жайылады, ертең жайлауға көшеміз. Бір сауғанда бізде 5 литрге дейін сүт беретін нарлар бар. Ең азы 1,5 литр, одан азы 1 литр береді.

Қазір шаруашылық күніне 80 литрге жуық шұбат дайындап, саудалап отыр. Егер өнімді тұрақты қабылдайтын орын болса, мал басын еселеп арттыруға ниетті.

Дөңес Үсенәлиев, Әйтеке би кентінің тұрғыны: 

- Жан жаққа да өткізуіміз керек қой. Ол өндіріс ашылып жатса, бәріміз өткіземіз. Жалғыз біз емес, қанша халық бар, сүт сауып отырған, түйе сауып отырғандар. Бұлар өткізер еді бәріне. Түйе сүтін көбейтіп, түйе басын көбейтіп, сауатын түйелерді толыққанды өткізер едік.

Ата кәсіпті отбасы табысына айналдырған жандардың тілегі орындалатын күн жақын, - дейді мамандар. Арал ауданында құрғақ түйе сүтін өндіретін зауыт құрылысы аяқталуға жақын. Кәсіпорын іске қосылса, жылына 400 тонна ұнтақ дайындалып, әлемдік нарыққа жол тартады. Мамандардың айтуынша, бұл - елдегі санаулы, бірегей жобалардың бірі.

Мөлдір Тәуіпбаева, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:

- Жобаның әлеуметтік маңызы жоғары. Арал өңірі үшін бұл бастама шамамен 23-25 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда негізгі өндірістік ғимараттардың құрылысы аяқталып, технологиялық қондырғыларды монтаждау жұмыстары толық бітті. Кәсіпорын жақын арада өз жұмысын бастайтын болады. Айта кету қажет, елімізде түйе сүтін өңдейтін кәсіпорындар бар болғанымен, өнеркәсіптік деңгейде құрғақ ұнтақ өндіретін зауыттар өте аз. Сондықтан да бұл жоба өз саласы бойынша бірегей бастамалардың бірі болып табылады.

Былтыр өңірде түйе сүтінің өндірісі 5,6 пайызға артып, 6 мың тоннаға жеткен.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Нұржан Мұзарапшин