ЖИ олимпиадасының үздіктері марапатталды

Астанада «AI Olymp 2026» жасанды интеллект олимпиадасының жеңімпаздары марапатталды.

Өңірлерде топ жарып, шешуші сыннан сүрінбей өткен 23 оқушы медаль иеленді. Салтанатты рәсім барысында жүлдегерлерді Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев құттықтады. AI Olymp елде екінші жыл өтті. Дода жасанды зерде, спорттық бағдарламалау және деректерді талдау бағыттарында дарынды оқушыларды анықтайды. Жеңімпаздар ұлттық құрама қатарында халықаралық жарыстарда өнер көрсетеді. Бүгінде қазақстандық оқушылар жаһан деңгейіндегі технологиялық олимпиадаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Былтыр жастар жасанды интеллект бойынша әлемдегі ең мықты ұлттық құрамалардың қатарына енді. Бейжіңде өткен додада команда 3 алтын ұтып, жалпы саны 7 медаль еншіледі. 

Әбу Қанабек, AI Olymp 2026 жеңімпазы:

- Біз тапсырмаларды шешкенде код жазамыз және әртүрлі идеяларды қолдана аламыз. Олимпиада маған жаңа нәрселерді үйретті. Сол үшін мен ойлаймын осы олимпиадалар өте маңызды, өйткені саған сен білмейтін нәрселерді көрсетеді.

Данабек Қалиаждаров, Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының Бас хатшысы:

- Мыңдаған баланың ішінен 40 үздігін таңдап алып келгенбіз. Жеңімпаздардан біз ұлттық құраманы жасақтаймыз. 2-8 тамызда Астанада халықаралық ЖИ олимпиадасы өтеді. 100-ден астам елден қонақтар келеді. Солардың арасында еліміздің намысын қорғайтын болады. Бұндай балалар Қазақстанның дамуына, еліміздің адами капиталының дамуына өте маңызды. Біз сол жұмысты жалғастырамыз.