Жезқазғанда заманауи емхана салынады
Жобаны іске асыру үшін әкімдік пен жеке қайырымдылық қоры келісім жасады. Емдеу орталығы қаланың батыс ауданында бой көтереді.
Жауаптылардың айтуынша, құрылыс жұмыстары маусым айында басталады. Қазір Жезқазғанның батыс бөлігінде жаңа шағын аудан бой көтеріп келеді. Мұнда 80-нен астам көпқабатты үй және ондаған әлеуметтік нысан салынады. Қазір емхана үшін қаланың бас жоспарына сәйкес жер телімі бөлінді. Медициналық нысан бір ауысымда 250 адамды қабылдайды. Жоба құны шамамен - 7,5 млрд теңге.
Ринат Алматов, Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
- Қазіргі таңда жобалау жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік сараптамада жатыр. Жоспар бойынша, график бойынша осы маусым айында құрылыс жұмыстары басталуы қажет. Маусым айында басталатын болса келесі жылдың бірінші, екінші кварталында аяқталуы тиіс.
Облыс құрылған үш жарым жыл ішінде өңірде 26 медициналық мекеме салынған. Қолданыстағы ескі нысандар кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Қазір бес ірі емдеу мекемесі күрделі жөндеуден өтуде. Соның бірі - Сәтбаевтағы фтизиопульмонология орталығы. Мұнда соңғы рет толық жөндеу 20 жыл бұрын жүргізілді. Былтыр ғимараттың төбесі ауыстырылған. Мердігерлер ақпан айынан бастап орталықтың негізгі корпусын жөндеп жатыр.
Гүлжан Шомаева, Фтизиопульмонология орталығының директоры:
- Ғимарат әбден тозған. Қазір бұл жерге инфекционның отделение болғандықтан, вытяжной вентиляция болу керек. Одан кейін сыртқы жұмыстары, ішкі жұмыстары бәрі жасалып, 5 қабатты ғимарат толықтай капитальный ремонттан өтеді 2 этаджы административный здание де өтеді. Бак лаборатория болады, рентген служба болады. соның бәрі жасалады.
Бұдан бөлек Жезқазғандағы мемлекеттік емхана да бастан-аяқ жөнделіп жатыр. Құрылысшылар «барлық жұмысты жыл соңына дейін аяқтаймыз» деп отыр. Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері: «Жаңғырту жұмыстары медициналық мекемелердің тозу көрсеткішін 76 пайыздан 50 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді» дейді. Сонымен қатар ауруханалардың материалдық-техникалық базасы біртіндеп нығайтылады.
Еркебұлан Бейсембаев, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Соңғы екі жылда 333 медициналық жабдық сатып алынды. Оның ішінде компьютерлік томография, ангиограф және нейрохирургиялық аппараттар бар. Осының арқасында көпсалалы аурухана базасында инсульт орталығы ашылды.
Көпсалалы аурухананы техникалық қайта жабдықтау нәтижесінде қызмет көрсету аясы кеңейді. Қазір жергілікті дәрігерлер миға күрделі операциялар жасап, тамыр хирургиясына ден қойған.
Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов, Гүлшаһира Серікбаева